Қылмыс

Петропавлда тағы да газ жарылысы болды


 

Қаладағы таза аулалардың бірі саналатын орам қас қағым сәтте келеңсіз көрініске айналды. Шыны үгінділері мен күйік шалған заттар Батыр Баян, 65 мекенжайындағы 46-шы пәтерден ұшып шығыпты.
Жарылыстың күшті болғаны соншалық толқын ауладағы көліктердің әйнектерін шағып, үй терезесін жақтауымен жұлып алып, 15 метрге дейін лақтырып жіберген. Елена Лукомскаяның ұйқысын қатты жарылыс бұзған. Ояна сала подъезге шыққан ол қансырап жатқан көршісін көрген.

Елена Лукомская, жарылыс куәгері:
Қатты жарылыс болды. Мен жер сілкінді ме деп қалдым. Қанға боянған көршімді көргенде қатты шошыдым. Менің пәтерім оның баспанасының дәл астында. Үйіне кірсем бәрі жанып жатыр.  

Төтенше жағдай таңғы сағат 11 шамасында тіркелді. Өрт сақшылары оқиға орнына дереу келгенімен маңайдағылар отты өз күштерімен ауыздықтап үлгеріпті.

Дмитрий Растихин, Петропавл қалалық ТЖБ аға инженері:
 Құбыр ақау беріп, газ пәтерге жиналып қалған. Бар гәп осыда. Болжам бойынша электр құрылғысы қосылып, ауадағы газ тұтанып кеткен. Өрт шыға сала сасып қалмай, бірден жұмыла өшіргендері өте дұрыс. Өйткені өзге пәтерлерге көшіп, жайылып кетсе тоқтату қиыны болушы еді. Үйге орталықтандырылған газ орнатылған.  

Орталық газ құбыры мұндағыларға былтыр ғана қосылған. Жаңа желінің неліктен сыр бергенін мамандар әлі анықтайтын болады. Денесін күйік шалып, жапа шеккен 48 жасар азамат ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің хабарлауынша, абырой болғанда өміріне аса қауіп төне қоймаған. Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Жамбыл көшесіндегі 268-ші үйдің 3-ші пәтер иелері де дәл осындай төтенше жағдайға тап болған.

Амангелді Сарбасов, №1 өртке қарсы күрес бөлімінің бөлімше командирі:
Сағат түнгі 01:56-да хабар келіп түсті. Үйден екі адамды алып шықтық. Газ баллонының шлангасы тесіліп газ сыртқа шыққан. Плитаны жаққанда жарылған.

Оқиға орнына 3 минуттың ішінде жеткен құтқарушылар екі қабатты тұрғын үйдегі 20 адамды қауіпсіз аумаққа шығарып үлгерді. Бәрі аман. Тек жарылыс ошағы тіркелген пәтердегі 2 адамның денелерін 90 пайызға дейін күйік шалған. Жапашегушілер 3-ші қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер олардың   өмірлерін сақтап қалуға күресіп жатқандықтарын айтады. Бұл бір айға толар-толмас уақытта тіркелген үшінші газ баллонының жарылуы.

Жеңіс Ермұқанов