Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бескөлде Мемлекеттік рәміздер стеласы ашылды

 

 

Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер – егіз ұғым. Көк аспан түсті Туымыз, айбынды Елтаңбамыз пен асқақ Әнұранымыз барлық қазақстандықтардың тыныштығының, еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің белгісі болып отыр. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау салтанатында туды алып шығу құрметіне 6637 бөлімінің әскерилері ие болды. Ал бірер сәттен кейін халқымыздың рухын, болашаққа үмітін бейнелейтін көк байрағымыз асқақ әуелеген әнұран сазымен ашық аспан астында желбіреді. Осынау маңызды күні Бескөл ауылында мемлекеттік рәміздер стеласы ашылды. Оны орнатуға облыс қазынасынан 4 млн. теңге бөлінген. Ал стела қойылған орталық алаңды қалпына келтіруге 18 млн. жұмсалыпты. Қызылжар ауданының тұрғындарын мерекемен құттықтаған облыс әкімі Серік Біләлов бұл архитектуралық композицияның ауданның қоғамдық-саяси өмірінің қазығы болып, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді тәрбиелеуде үлкен көмек боларына сенім білдірді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Мемлекеттік рәміздер – егемен еліміздің басты белгілерінің бірі. Оларды құрметтеу – ҚР әр азаматының парызы. Бүгін ауданда мемлекеттік рәміздерге арналған композиция ашып отырмыз. Бұл белгі аудан тұрғындары үшін патриоттық сезімнің бастауы болатынына сенімдімін.

Үздік қызметімен, қайырымды ісімен, озат оқуымен ерекшеленген қызылжарлықтар мерекеге орай арнайы шығарылған «Патриот» белгісімен марапатталды. Осынау құрметке ие болғандардың әрбірі Отанға деген сүйіспеншілігі мен адалдығын дәлелдеп, елінің нағыз патриоты болуға талпынып жүргендер. Дәрігер, кәсіпкер, мұғалім, спортшы – барлығы да ел игілігі үшін тер төгіп келеді. Марапатқа ие болғандардың бірі – Бескөл орта мектебінің оқушысы Виктория Малышкина. Ол қазақ тілін оқып, қазақтың қара домбырасын үйреніп жүр. Биыл “Жас дарын” республикалық байқауында жақсы өнер көрсетіп, қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болған.

Виктория Малышкина, Бескөл орта мектебінің оқушысы:
-Бүгін ҚР рәміздері күні. Бұл мейрам әрбір Қазақстан азаматы үшін маңызды. Мен жас ұрпақтың атынан айтқым келеді – біз мемлекеттік рәміздерді сақтап, құрметтеуіміз керек.

Отанға деген ыстық ықылас мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден бастау алады. Сондықтан егеменді еліміздің нышандарын қастерлеп әспеттеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы болуы керек.

Жақсылық Ысқақов, СҚО құрметті азаматы:
-Рәміздер орнатылған орталық алаңға бұдан былай жастар, отбасы құрғалы отырған жас жұбайлар барлығы келіп ант берсе, ертең олар аудан үшін, ел үшін қызмет ететін нағыз азаматтар болады.

Бұл күні сахна төрінде шырқалған ән-жыр да еліміздің тұрақтылығы мен бірлігін, ынтымағы мен келісімін айғақтай түскендей.
 
Айымгүл Әбілева