Қоғам

Автошеру



 

Мемлекеттік рәміздерді насихаттайтын үгіт пойызы өңірдің барлық аудандарын аралап, облыс орталығына жетті. Осыдан 20 жыл бұрын дәл осы күні еліміздің мемлекеттік рәміздері бекітілген болатын. Ел егемендігін айғақтайтын рәміздерге құрмет ретінде мемлекеттік туды алып жүру эстафетасы қалалық бастамашыларға табыс етілді.
Мемлекеттік рәміздерді ұлықтайтын автошеруге барлығы 10 автокөлік пен 5 байкер қатысты. Жастар ұйымдарының басын қосқан шеруде 50-ге жуық адам туды алып жүру құрметіне ие болды. Мұндай жауапты іс тапсырылғандардың бірі – Ксения Коломенцева.

Ксения Коломенцева, «Studio-L» cәнгері:
– Ауданнан әкелінген туды қабылдап алып, оны алдыңғы қатарда бірінші болып алып жүру үлкен мәртебе. Меніңше, жастар мемлекеттік рәміздерге аса зор құрметпен қараулары керек.

Аталмыш акция «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының жастар ұйымдары және қалалық әкімдіктің бастамасымен өтті. Шеруге қатысқан жастар еліміздің көк байрағы көтерілгенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді дейді. Сондықтан олар еліміз үшін маңызды шараға қуана атсалысқан.

-Мен өте қуаныштымын. Бұл акция өте жақсы деп есептеймін. Адамдардың көңілін біздің туымызға, елтаңбаны, әнұранды сүюге баулиды деп ойлаймын.
– Автошеруге қатысу арқылы еліміздің, жеріміздің даңқын көтердік деп есептеймін. Және де бұл күні әр азамат, әр жас адам бұл күнді құрметтеулері керек. Себебі мемлекеттік рәміздер біздің Отанымыздың егемендігін, тәуелсіздігін білдіреді.

Мемлекеттік туды салтанатты түрде алып жүру рәсімі «Біздің туымыз» шарасына ұласты.

Әспет Әбдірешова