Билік

Қазақ тілі білгірлері марапатталды



 

Облыс әкімімен кездесуге қазақ тілінің білгірлері жиылды. Мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген азаматтар болашақта осы бағыттарынан таймақ емес. Олар Елбасының тапсырмаларын орындауға атсалысамыз деп отыр. Серік Біләлов бұл бағытта әлі талай белестерді бағындыруымыз керек деді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

Бүгінде қазақстандықтардың 70 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейді.Бұл тәуелсіздіктің жемісі.Енді біздің алдымызда тұрған мақсат 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 95 пайызға арттыру.

ҚР рәміздерінің 20 жылдығына орай облыстық 3 бірдей конкурс ұйымдастырылды. Бірі -“Қазақ тілінің үздік мұғалімі” деп аталады. Ұстаздардың арасында Венера Зейнинаның инновациялық жаңалығы мен әдістемелік шеберлігі озық болды.

Венера Зейнина, мемлекеттік тілді оқыту орталығының оқытушысы, 1-ші орын иегері:

– Елбасымыздың үштілділік саясаты біздің облысымызда да жалғасын тауып келе жатыр.Әсіресе,мемлекеттік тілді оқыту бүгінгі күннің басты талабына айналды.Сондықтан қазақ тілінің оқытушылары, осы басты талап деңгейінен шығу мақсатында көптеген жұмыстар жасауда.

Ал Зағипа Ахметова – журналистер арасында өткен “Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” байқауының жеңімпазы. Қызылжар аудандық газеті тілшісінің мақаласы 16 еңбектің ішінен ең мықтысы болды.  Мерекелік жиында облыс әкімінің дипломы оқушыларға да табыс етілді. Классикалық гимназия оқушысы Әлия Камзина “Шырайлы аты еліміздің – қасиетінде жерімнің” атты шығармалар конкурсына қатысты. Әлия жергілікті елді мекендердің тарихи атаулары бойынша жұмыс жасаған.

Әлия Камзина, қалалық классикалық гимназияның оқушысы, 1-ші орын иегері:

– Бұл байқау Мағжан сенген жастарды үлкен патриоттыққа тәрбиелейтіні сөзсіз. ҚР мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығы қарсаңында марапатталу мен үшін зор мақтаныш. Сол себептен Сізге Серік Сұлтанғазыұлы және де осы байқауды ұйымдастырушыларға шын жүрегімнен алғысымды білдіремін.

Конкурсқа қатысушылардың жұмыстарын арнайы құрылған комиссия қараған.

Таңат Сүгірбаев, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:

– Оқушылардың шығармаларын толық қарап шықтым. Таң қалдым. Тіпті, жазулары, мазмұны, ғылыми зерттеумен айналысқаны көрініп-ақ тұр.Көптеген әдебиетті қарап,содан ізденгені байқалады.

Жиын соңында өңір басшысы жеңімпаздармен естелік суретке түсті.

Данаш Хамзина