Аптадағы маңызды жаңалықтар

Оқушылар арасындағы шығармалар байқауының жеңімпазы

 

 

№ 5 орта мектептің оқушысы Азат Мұсаинов биыл балалар күнін ерекше қарсы алды. Ол қуанышты мерекені облыс әкімімен бірге өткізетіндігін ести сала, барынша дайындалыпты. Салтанатты киім киген оқушы өңір жетекшісімен кездесуге асықты. Байқауға қатысушылар ауыл, қала және барша өңірді дамыту бойынша өздерінің тың идеяларын ұсынулары тиіс болатын. Жұмыстарды жазу формасы еркін. Комиссия назарына 50-ден астам эсселер, шығармалар мен инновациялық жобалар ұсынылған.

Азат Мұсаинов:
– Мен өз шығармамда балалар туризмін дамытуды ұсындым. Еліміздің әр түкпірінен оқушылар келіп, біздің жерлес ақын-жазушыларымыздың туған өлкесімен жақынырақ танысса деймін. Бұл балаларға қосымша ақпарат береді деген ойдамын.

Азат дзю-додан талай рет қалалық, облыстық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанса да, шығармалар байқауына алғаш қатысып отыр екен. Облыс әкімі ел болашағы – осындай жан-жақты, дарынды жастардың қолында екендігін атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Шығарманың мазмұны өте бай. Тақырыпты ашуға, жаңа ойларды ортаға салуға барынша тырысқаның көрініп тұр. Алдағы уақытта да қоғамдық жұмыстардан әрдайым шет қалмай, еліміздің өркендеуіне өз үлесіңді қосасың деген сенімдемін.

Облыстық әкімдікте өткен жиыннан соң  Азат өңір жетекшісімен бірге Петропавл балалар үйінде болды. Мұнда 67 бала тәрбиеленуде. Қонақтарды қарсы алуға бүлдіршіндер барынша әзірленіпті. Серік Біләлов кішкентай солтүстікқазақстандықтарды мерекелерімен құттықтап, мекемеге теледидар сыйға тартты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасымыз жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Жаңа балабақшалар мен заманауи мектептердің құрылысы қолға алынған. Өсіп келе жатқан жеткіншектерді және оларды тәрбиелеуден аянбайтын мекеме ұжымын халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын.

Бұдан соң байқау жеңімпазы өңір жетекшісімен бірге облыстық перинаталдық орталықта болды. Балаларды қорғау мерекесінде 7 сәби дүниеге келіпті. Облыс әкімі аналарды қуаныштарымен құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бүгінгі күннен бастап сіздердің алдарыңызда ел игілігіне жарар азаматтарды тәрбиелеу міндеті тұр. Осы бүлдіршіндер-еліміздің ертеңі. Сондықтан мереке күні оларға алғашқы сыйлықтарын табыстамақпыз.

Сондай-ақ Азат «СБИ-Агро-Ташкентка» ЖШС мал шаруашылығы кешенімен де таныса алды. Шаруашылықта 3 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара бар. Олардың әрқайсының жай-күйі компьютерлер арқылы қадағаланады екен. Шаруашылықтың егінжайы да назардан тыс қалмады. Серіктестіктің жалпы егіс алқабы 10 мың га астам. Оның 5 мыңына алтын дән сіңіріліпті. Қалған аумаққа өзге де дәнді дақылдар себілмек.

Берік Өтегенов, «СБИ-Агро-Ташкентка» ЖШС директоры:
– Биыл «Қазагрофинанс» АҚ көмегімен өнімділігі жоғары егіс кешендерін сатып алдық. Олар заманауи технологиямен толықтай қамтылған. Тыңайтқыштарды да бірден жерге сіңіреді. Егін себу жұмыстарын нөлдік технология бойынша жүргізудеміз. Бұл қажетті ылғалды сақтауға мүмкіндік береді.

Азаттың биылғы мерекесі осылайша әдеттегіден ерекше өтті. Оқиғаларға толы күнмен қоса, байқау жеңімпазына Ipad планшеті табысталды. Оқушы Халықаралық  балаларды қорғау күнінде ұмытылмастай әсерге бөленгендігін айтады.

Азат Мұсаинов:
– Мереке күнін облыс әкімімен өткізу мен үшін үлкен сыйлық болды. Бастапқыда қобалжығаныммен, бұл күн оқиғаларға толы, қызықты өтті. Мұндай мүмкіндік әрбір оқушыға түсе бермейді. Байқауда бірінші орын алғаныма қуаныштымын. Өңірімізді, елімізді дамыту жолында алдағы уақытта да аянбаймын дегім келеді.

Инеш Шоқақова