Қоғам

Мемлекеттік рәміздерді қолдану

 

 

 

Жиында мемлекеттік рәміздерді қолдануға байланысты заңның қаншалықты сақталатындығы талқыға салынды. Жуырда ғана Мәжіліс депутаттары мемлекеттік рәміздердің беделін арттыруға бағытталған заң талаптарын күшейту керек деп өз ұсыныстарын жасаған болатын. Жергілікті жерде бұл бастама үлкен қолдауға ие болды.

Данияр Әбутәліпов, СҚО «Нұр Отан» ХДП «Болашақ» филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
-Көпшілікке белгілі жайттардың бірі, Атырау облысында мемлекеттік туды қоқыс шығаратын қап ретінде қолданған. Мұндай сорақы оқиғалар қайталанбауы керек. Осының алдын алу үшін жиналып отырмыз.

Бір қуантарлық жайт, облыста мемлекеттік рәміздерге қатысты заңбұзушылықтар байқалмаған. Бұл жайында облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары мәлім етті.

Азамат Қонаев, облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы:
– Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі жанында ҚР мемлекеттік рәміздері жөніндегі арнайы комиссия бар. Ол комиссия мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдану, насихаттау бойынша азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тұрақты мониторинг жүріп отырады. Анықталған кемшіліктер бойынша мекеме басшылары мен ұйым басшыларына құжат жолданып, оларды жою ұсынылады.

Мемлекеттік рәміздер заңмен қорғалады. Ал әрбір мемлекеттік мекемеде еліміздің туы болуы керек. Бұл талап орындалмаған жағдайда «Әкімшілік кодекстің» 354-бабына сай, 10-50-ге дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Жиында бұл мәселе де назардан тыс қалмады.

 Махаббат Байбосынова, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі директорының мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі орынбасары:
– Біздің Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде де мамыр айының басынан бастап үлкен-үлкен шаралар ұйымдастырылды.Сондай шаралардың бірі – ашық тәрбие сағаттары өтті. «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің басты құндылықтары» деген тақырыпта.

Бүгінде көптеген оқу орындарында әр аптаның басында еліміздің Әнұраны орындалады. Мұндай бастамалар жастардың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін ұлғайта түседі дейді жиынға қатысушылар.

Әспет Әбдірешова