Спорт

Футболдан оқушылар арасындағы турнир

 

 

Үлкен футбол алаңындағы ақтық сынға облыс орталығының “Қызылжар” құрамасымен Есіл ауданының жас аяқ доп шеберлері шықты. Қос мықтыға бас жүлдені өзара сарапқа салмас бұрын турнирге жеңемін деп белді бекем буып келген 40-тан артық қарсыластың алдын орау керек болды. Топтық сындар мен шеңберлік айналымда қарсы келгенді тізе бүктіріп, дес бермеген қызылжарлықтар қорытынды сында да қарап қалмады. Кездесу басталысымен өз ойын өрнектерін құра біліп жауапсыз екі бірдей гол соқты. Келесі бөлікте есілдіктер әйтеуір қақпа кілтін ашып, ұпай айырмасын қысқартты. Десе де есепті теңестіретін оңтайлы сәттер зая кетіп, сәуір айынан бері иеленеміз деп талпынған кубокты уыстарынан жіберіп алды. Турнирді “Еуро-2012” дүбірлі футбол чемпионаты қатысушыларын қабылдайтын Польша елінің Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған. Мақсат – аулаларда тәуір доп қуалап жүрген балалардың дарынын ашу.

 Галина Тойлакова:
– Біз Еуропаның майталман футбол құрамаларын жиятын дәстүрлі футбол тартысын қолдау мақсатында турнир өткіздік. Миллиондаған жанкүйерлердің сүйікті ойыншыларының қайсысының болмасын алғашқы тәжірибелері аулалық ойындардан басталды. Турнир қатысушыларының арасынан болашақта шебер кәсіпқой футбол жұлдызы шығуы мүмкін. Жасөспірімдердің бастары қосылып, әуестіктерін шыңдайды.  

Суырылып алға шыққан жеңімпаздар кубок, дипломмен марапатталып, футбол жабдықтарына ие болды. Сондай-ақ бұл күні халықаралық “Локобол” шағын футбол турнирінің үздіктеріне де бағалы сыйлықтар табысталды.

Жеңіс Ермұқанов