Қайырымдылық

Бейнелеу өнері мұражайының балалар күніне сыйлығы

 

 

 

Облыстық бейнелеу өнері мұражайының есігі өзінің кішкене қонақтары үшін әрқашан ашық. Балалардың шуақты мерекесі күні мұнда жергілікті суретші Жамбыл Қалиевпен кездесу ұйымдастырылып, оның туындылары сыйға ұсынылды.

 Зерегүл Рахимова, Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат оқушысы:
-Бұл музейде біз Жамбыл Қалиевтің өнерін тереңірек білдік. Осы музей бізге 3 картина сыйға берді. Жамбыл Қалиевтің бір ерекшелігі, біздің бұрыннан келе жатқан батырларды, қазақтың беделді адамдарын суретке жақсылап түсірген.

Суретші болса өз кезегінде балаларға өзінің алғашқы туындылары жайында әңгімелеп берді.

 Жамбыл Қалиев, суретші:
– Міне, бүгін қуанышты күн. Әлем балаларының бәріне де бақыт тілеймін. Балалардың мерекесі болғасын, әкеп бердім музейге.

Кездесу соңында балалар сүйікті ертегілер әлемі кейіпкерлері қойылған көрмені тамашалады. Онда мұражай қорында сақталған Евгений Сидоркин, Константин Баранов сынды авторлардың суреттері мен балалар кітаптары қойылыпты.

 Жібек Жүзенова,облыстық бейнелеу өнері мұражайының экскурсия жүргізушісі:
– Бұл көрмені ұйымдастыруға бізге қаладағы қуыршақтар театры үлкен көмек көрсетті. Өздерінің қойылымдарының «Сәукеле», «Әли баба мен қырық
қарақшы» сияқты ертегі кейіпкерлерінің қуыршақтарын ұсынды. Және қаладағы «Юнеско» клубы көркемсурет лицейінің оқушылары өздерінің әр түрлі техникада, түрлі материалдан жасаған туындыларын ұсынып отыр. Соның барлығын біз ертегілермен байланыстырып отырмыз.

Аталмыш көрме мұнда келіп көремін деушілер үшін жаз бойы жұмыс істемек.

Әспет Әбдірешова