Аптадағы маңызды жаңалықтар

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу қабырғасы ашылды

 

Облыс әкімі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай жазықсыз қуғынға ұшыраған азаматтарға тұрғызылған ескерткішке гүл шоғын қойды. Қаралы күн қарсаңында ескерткіштің қарсы тұсына еске алу қабырғасы қаланды. Бұл жерде ұзындығы 66,  биіктігі 2,8 метрлік мәрмәр тастан соғылған монумент бой көтерді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 19-шы сессиясында тәуелсіз Қазақстан үшін осы күннің тарихи маңызын ерекше атады. Біздің еліміз 1 млн. астам жер аударылған адамдардың еліне айналды. Соның ішінде біздің өңірге 130 мыңнан артық адам жер аударылды. Қазақ халқы оларды жақсы ниетпен
қабылдады. Біздің міндетіміз тарихи әділдікті қайтару. Оның бір айқын дәлелі бүгінгі ашылғалы тұрған саяси құрбандарды еске алу қабырғасы.  

Зұлмат жылдары қазақ халқының бетке ұстар зиялылары құрбан болды. Жалған жала жабылып, халық жауы деген айып тағылған 100 мыңнан артық отандасымыздың 25 мыңы атылды.  Еске алу тақтасына солақай саясаттың жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдері қашалып жазылған.

Болат Сағындықов, “Память” қоғамдық қорының төрағасы:
– Аталарымыздың қайда атылып, қаза болғаны белгісіз. Мына қабырға сол бабаларымыздың бауырластар зираты іспеттес. Осы араға келіп әрбіріміз ата-әжелерімізді еске алып, дұға жасайтын бір қасиетті орынға айналып отыр.

Соңғы 7 жыл бойы жиналған бұл қаралы тізімде 7 мыңға жуық жерлесіміздің аты-жөні бар. 

Cерік Біләлов, СҚО әкімі:
– 1937 жылы менің атам Біләл Құрманалин қазіргі М.Жұмабаев ауданы Сартомар ауылынан сотталды. Облыс орталығына жеткізіліп, кейін хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Қайда қаза болғаны әлі күнге дейін беймәлім. Мына тізімдегі көбінің өмірі осылайша қиылды. Тағдырлары бір. Бұл тақта әсіресе келешек ұрпаққа аса қажет. Бабаларын еске алатын арнайы жер бар.

Монументтің маңына жиналған қауым репрессия құрбандарын 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Қабырғаға гүл шоқтарын қойып, жасты көздерімен тізімнен жақындарын іздеді. Жеңіс Құлбаев ақылгөй атаның өнегесін естіп, мейірімін сезінбеген ұрпақтардың бірі. Құлбай Майлыбаев ағартушылықпен айналысқан. 64 жасында ату жазасына кесілген атасы жайында әжесі мен ауылдастарының әңгімесінен ғана біледі.

Жеңіс Құлбаев, ҚР ІІМ ІӘ әскери институты бастығының орынбасары:
– Өзінің медресесі болған. Бір бала шоқпен жазып отырыпты. Оны көрген атам осы баланың ақылы бар деп Сәбит Мұқановты өзіне алып оқытқан. Ұрпақтары өсіп жатыр. Олардың еске алып аталарын ұмытпағаны
дұрыс.  

Сәбит Мұқановтың  ұстазы болған Аблай қажы Рамазанов та жазықсыз қуғынға ұшыраған.

Аяз Рамазанов:
– Менің атам облысымызда көп еңбек еткен жан. Кедей отбасыларының балаларына әріп танытып, хат жазуды үйретуді мақсат еткен. Ғ. Мүсірепов пен С.Мұқанов -атамның шәкірттері. С. Мұқанов “Өмір мектебі” туындысында бұл жөнінде қалам тербеп өтті.
 

Әнуәрбек Жантаев тақта тізіміне енген нағашы атасы Хамидолла Сәдуақасовтың рухына дұға оқып, құран бағыштауға арнайы Көкшетау қаласынан келіп отыр.

 Әнуәрбек Жантаев:
– Хамидолла Сәдуәқасов 1937 жылы сотталып, 5 күннен кейін ату жазасына бұйырылды.
Нағашы атамыз елде молдалық құрып, колхоз мүшесі болды. 55 жасында айдалып нақақтан кетті.  

Бұл қасірет Кеңес Одағы құрамындағы  бір де бір елді  айналып өтпеді. Бұрынғы одақтас мемлекеттерден 130 мыңнан артық адам СҚО жер аударылды.

Павел Рафальский:
Менің атамды Қазақстанға күштеп қоныстандырды. Әулетімізде халық жауы деп атылғандар да бар. Бірақ қонақжай қазақ жеріне жер аударылғанымызға еш уақытта өкінген емеспіз. Бізге бар мүмкіндіктер жасалған. Сондықтан осы тақтаның құрылысына атсалысуды жөн деп таптым.  

Естелік тақтасы қайырымды жандар жинаған қаржыға салынды. Өстіп жерлестеріміз Голощекиннің ашаршылығын, күштеп ұжымдастырудың ауыртпалығын бастан өткізген ата-бабаларымыздың мәңгі ұмытылмайтынын тағы бір паш етті. Тарихта қалған есімдердің жанынан қосымша 200 кісілік бос орын қалыпты. Бұл ескерілмеген, құжаттарын жинап үлгермеген саяси қуғынсүргін құрбандарына арналған.  


Жеңіс Ермұқанов