Қоғам

Үгіт поезы жолға шықты

 

 

Ту, Елтаңба, Әнұран – тәуелсіз еліміздің айнымас нышандары. Халқымыздың рухын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін баға жетпес құндылықтар.

Қайрат Пішенбаев, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
– ҚР мемлекеттік рәміздері – бұл егемендік пен тәуелсіздіктің, халық бірлігінің нышандары. Олар еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін толықтыра отырып, қазақстандық мемлекеттілікке, ұлттық құндылықтарға ұмтылыс идеясын бейнелейді.

Кәрібай Мұсырман, облыстық мәслихат депутаты:
– Алтын қыран бейнеленген көк байрағымыздың асқақтай желбірегеніне 20 жылдың жүзі болды. Бұл біздің халқымыз үшін зор қуаныш.

Әрбір азаматтың жүрегінде Отанына деген сүйіспеншілікті, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятуда мемлекеттік рәміздердің маңызы айырықша. Сондықтан Ту, Елтаңба, Әнұранға деген халықтың құрметін қалыптастыру, бұған өскелең ұрпақты баулу – басты мақсат болуы тиіс. Мерейтойға орай арнайы жасақталған үгіт поезының көздегені де осы. «Нұр Отан» партиясының белсенділері, депутаттар, шығармашылық ұжымдар аудандарды аралап, еліміздің жиырма жылдағы жетістіктерін насихаттамақ.

Спартак Рамазанов, Н.Погодин атындағы орыс драма театры директорының орынбасары:
– Мамырдың отызынан бастап үгіт бригадасы мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығына орай аудандарға шығамыз. Насихат жүргіземіз.
Азат Тәжібаев, студент:
-Мемлекеттік рәміздеріміздің маңызы зор. Ол біздің
тәуелсіздігімізді айғақтайды. Сондықтан құрметтеу керек.

Үгіт поезы маусымның төртіне дейін жұмыс істейді. Төрт күн ішінде олар барлық аудандар орталықтарында болып, салтанатты жиындарға , митингілер мен мерекелік шараларға қатысады. Салтанатты митингіден кейін үгіт поезы аудандарға жол тартты.

Айымгүл Әбілева