Қоғам

“Аққайыңдар өлкесі” қоғамдық қоры ашылды



 

Қаламыздың қақ ортасындағы көпқабатты ескі тұрғын үйлер көшенің сиқын алып тұрғаны қашан. Іргесі жарты ғасыр бұрын қаланған баспаналар ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмегені алыстан байқалады. Әр жерден қабырға аралықтары ажырап, сылағы үгітіліп жатыр. Жуық арада Жамбыл көшесінің бойындағы бұл үйлердің қас беті жөнделіп, жаңа кейіпке енуі мүмкін. Әзірге бұл тек қағаз бетіндегі жоспар ғана. Бағдарлама құрылып қойылған, ендігі кезекте көздегенді іске асыратын қаржы қажет.

Сергей Калинин, “Ақ қайыңдар өлкесі” қоғамдық қорының төрағасы:
– Мамыр айында “Нұр Отан” ХДП бастамасымен “Ақ қайыңдар өлкесі” қоғамдық қорын аштық. Мақсат облыс орталығындағы ескі үйлерді абаттандыруға қаржы жинау. Бұл орайда ортақ үйлерінің гүлденуіне немқұрайлық танытпай қамқорлық жасаймын деген петропавлдықтарға сенім артып отырмыз. Қорға түскен қаржының өз мақсатында жұмсалуын қадағалайтын кеңес құрылды.

Игі бастама жүзеге  асса жаз маусымында қас беті әбден тозған 60-қа тарта тұрғын үй жөнделеді деп межеленген. Қайырымдылық шарасынан өңір жастары да шет қалмақ емес.

Данияр Әбутәліпов, “Нұр Отан” ХДП “Болашақ” филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Жастар ұйымдары, мектеп оқушылары, студенттер жұмылдырылып қоғамдық қордың жоспарын орындау үшін өз үлесімізді қосамыз. Қор арқылы көптеген жастарға жұмыс беріп, қаланы көркейту, тазалау үшін жұмыс атқарамыз.

Қоғамдық қор мүшелері әсіресе өңірімізде ісін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлердің қаржылай қолдауына сенім артып отыр. Тың жобаға алғашқылардың бірі болып Александр Казанцев үлес қоспақшы.

Александр Казанцев, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер:
– Мен депутат, кәсіпкер, қала тұрғыны ретінде бұл істі қолдаймын. Қордың есебіне әзірге кемінде 200 мың теңге аударуды жоспарлап отырмын. Әрбірімізге қатысты шараны айналып өтуге болмайды. Көрікті қалада өмір сүру өз қолымызда. Бұл игі шаруаға мен туған қаламның патриотымын деген азаматтарды мүмкіндігінше үлес қосуға шақырамын.  

Көп көтерген жүк жеңіл! Қаланы абаттандыруға демеу жасаймын дегендер “Ақ қайыңдар өлкесі” қоғамдық қорының есеп шотына қаржы аудара алады.

 “Ақ қайыңдар өлкесі” қоғамдық қоры
РНН 480100254774
ИИК КZ06826Т0КZТD2000676
БИК ALMNKZKA в АО “АТФ Банк”  

Жеңіс Ермұқанов