Қайырымдылық

Қайырымдылық концерті

 

 

 Қайырымдылық кешіне халық көп жиналды. Концерт халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды. Былтыр мұндай 4 қайрымдылық кеші өткізіліп, жиылған қаражатқа Кирилл Сухомлинов пен Мирослав Логутцеваға күрделі ота жасалыпты. Балаларға “туа біткен жүрек ақауы” деген диагноз қойылған.

Ольга Сухомлинова:

-Ота жасалғаннан бері бір жыл өтті. Қазір балам аман-сау, денсаулығы да жақсы. Жүрегі ізгілікке толы адамдардың арқасында осындай бақытқа кенеліп отырмын.

Балалардың құқығын қорғау департаментінің сараптамасы бойынша бүгінгі таңда облысымызда 145 мың бүлдіршін бар. Соның ішінде 1791-і – мүгедек, 160 -ы 3 жасқа дейінгі сәбилер. Бұл бүлдіршіндерге қымбат ота жасалуы керек, өкініштісі, қаржы тапшылығы аяққа тұсау болып, ата-аналардың ойлары жүзеге аспай жатады. Дегенмен, бұл мәселені шешуге көмек қолын созушылар да аз емес дейді қонақтар.

 Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Күнделікті өмірімізде біз тек өзіміздің қамымымызды ғана ойлап, басқаларды ұмытып жатамыз. Мұқтаж жандарға көмек қолын созуға арналған қайырымдылық кеші ұйымдастырылып, оған әрбір азаматтың қатысуына мүмкіндік туғаны қуантарлық жайт.

Қайырымдылық кешіне қатысушыларға дәстүр бойынша “Жақсылық қаласы” атты концерт ұйымдастырылды.

Яна Богова:
– Осы кеш бекер жасалып отырған жоқ. Мен өз әндеріммен тыңдармандарымды қуантып қана қоймай, сол арқылы үлкен көмек пен қолдауды қажет ететін жандарға қол ұшын бергім келеді. Концертке
әртістер де қатысуда. Ән кешінің “Жақсылық қаласы” деп аталуы да жай емес қой. Көмек қолын созып, қол ұшын берушілер көптеп жиылды.

Қайырымдылық кешінде аукцион ұйымдастырылып, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен солтүстікқазақстандық қылқалам шеберлерінің жұмыстары саудаға қойылды. Бірінші лот – “Братина” панносы. Оны №1 кәсіптік лицейдің оқушысы салған. Алғашқы бағасы 20 мың теңге болса да, панно 2 есе қымбат бағаға сатылды.

Зекан Танрыкуло, «Дэс» ЖШС директорының орынбасары:

-Балалар -біздің қуанышымыз, біздің гүліміз. Қазақстандық балаларға денсаулық тілеймін. Қайырымдылық акциясындағы менің аз да болса көмегіммен бір балаға ғана болса да бақытты балалық шақ сыйладым деп ойламын.  

Кештің бір де бір қонағы қайырымдылық шарасынан тыс қалмады. Олар «Денсаулық банкі» атты жәшікке мүмкіндіктерінше ақша салды. Нәтижесінде 1 млн 3 мың 600 теңге жиналды.

Әсел Күшенғалиева