Спорт

Облыстық дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасының алқа отырысы

Елімізді әлемге танытып, көк байрағын асқақтатуда спортшылардың қосып жүргені үлесі аз емес. Сол спортшылар мемлекеттік рәміздерге аса үлкен құрметпен қарауы тиіс, әрі еліміздің Әнұранын жатқа білуге міндетті. Ал жеңімпаздар көкбайрақты әлемдік жарыстарда асқақтатқанда қолдарын кеуделеріне қойып, әнұранды қосыла шырқаулары тиіс. Спорттық жарыстар кезінде мемлекеттік рәміздерді қолдану туралы мәселе алқа отырысының өзегіне айналды.

Серік Жарасбаев, СҚО дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары:
– Аталмыш ереже спорттық жарыстарды өткізу кезінде мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдану мақсатында қабылданған. Спорттық шараның ашылу салтанатында мемлекеттік ту жоғары көтеріліп, 2 адамның алып жүруімен таныстырылады. Шетелдік спортшылардың қатысуымен өтетін жарыстарда еліміздің және оған қатысатын өзге елдердің тулары ілінеді.  

Елбасы 2020 жылға дейін спортпен айналысатын азаматтар қатарын – 30, ал балалар мен жасөспірімдер санын 15 пайызға жеткізуді мақсат еткен болатын. Жиын барысында бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылдармен салыстырғанда спортқа тартылған оқушылар саны әлдеқайда азайған.

Жанат Елеусізов, балалар және жасөспірімдер спорт мектептері жөніндегі оқу-әдістемелік орталығының директоры:
– Бүгінгі күні біздің облыста 26 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері бар. Олардың алтауының мамандандырылған мәртебесі бар. Облыстың спорт мектептерінде 11485 оқушы спортпен айналысады. Бұл көрсеткіш  2010 жылы 11 708 оқушы болса, биылғы жылы 223 оқушыға азайып отыр.

Дегенмен биылғы жылы дене шынықтыру мамандығы бойынша оқу бітіргелі отырған жастар біршама екен. СҚМУ-ды 30-дан астам түлек тәмәмдаса, «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжін осынша жас маман аяқтағалы отыр.

 

Әспет Әбдірешова