Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлықтар тарту етілді

Бұл күнді балалар асыға күтті. Жүздерінде күлкі үйірілген  балғындар үйге әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің педагогтары дайындаған “Сен, мен және қуыршақ” атты шағын қойылымды тамашалауда.
 Ұйымдастырушылар 1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай жеткіншектерге  ойыншықтар және тәтті сыйлықтар дайындап қойған.

Оксана Иванова, үйге әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі:
-Бүгін біз әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерімен бірге халықаралық балалар күнінің қарсаңында
мүмкіндігі шектеулі балаларға тосын сый жасауды жөн санадық. Ондағы басты мақсатымыз балаларды қоршаған ортаға бейімдеу. Олар осында келіп, тек біз дайындаған қойылымды тамашалап қоймай, жаңа достар табады.  

Облысымызда үйге әлеуметтік көмек көрсететін 6 бөлімде 91 бала тіркеуде тұр. Оның ішінде 85-і мүгедек болса, 6-уы психоневрологиялық аурулар.  Педагог мамандар аптасына 2-3 рет үй-үйді аралап, балаларға, керек-жарақтарын беріп, сауатын ашуға көмек көрсетуде. Гүлайым Көкібаеваның баласы Санжар Әнуарбеков өздігінен жүре алмайды. Санжардың жасы 8-де. Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде 1 жылдан бері тіркеуде тұр.

Гүлайым Көкібаева:
– Біз осында аптасына бір рет келеміз. Балаларға концерт қойып, анда-мында апарып жүреді. Олар үйге келіп ойнатады, жазу жазуға үйретеді. Бізге осындай көмек көрсетіп жүргендеріне рахмет. Әрдайым осындай көмек көрсете берсін. Баламыз үшін ауылдан көшіп келдік. Оқу оқысын, жазсын деп.

Үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің педагогтары басқа да қайырымдылық шараларын өткізуді жоспаралап отыр.

Гүлбану Ахметова