Қоғам

ЖИК жоқ құжаттарды 2013 жылғы қаңтардың 1-не дейін пайдалануға болады


 

Жеке идентификациялық нөмір 1997 жылдан қойыла бастаған. Осы уақытқа дейін жеке куәлік алған азаматтар құжаттарын ауыстыруы тиіс. 12 саннан тұратын бұл кодты алу мерзімі 2013 жылдың 1-қаңтарына дейін ұзартылды. Осы уақытқа дейін жеке идентификациялық нөмірді ала алмаған жандар төлем төлеу, ақша аудару, несие алу, азаматтық хал актілерін жасау секілді әлеуметтік қызметтерді пайдалану құқығынан айырылады. Сондықтан мамандар жерлестерімізді халыққа қызмет көрсету орталығына дер кезінде келіп, тиісті құжаттарды ресімдеуге шақырады

Виталий Сосновский, халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы:
-1997 жылға дейін жеке куәлік алған ҚР азаматтары халыққа қызмет көрсету орталығына келуі керек. Өзімен бірге төлқұжаты мен үй кітапшасын әкелу қажет. 2007 жылдың тамыз айына дейін туған балаларға жеке идентификациялық нөмір алған жөн. Бұл үшін осы орталыққа үй кітапшасын, ата-ананың бірінің төлқұжатын және баланың туу туралы куәлігін әкелу керек.

2013 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қолданыстағы әлеуметтік жеке код пен салық төлеушінің тіркеу нөмірі өз күшін жояды. Ал олардың   қызметін жеке идентификациялық код атқармақ. Айта кету керек,   төлқұжат ауыстырып, идентификациялық нөмір алу тегін жүргізіледі. Сондай-ақ бұқараға қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында облыстық, қалалық және аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарының 31 маманының біліктілігі тексерілді. Нәтижесінде олардың 81 пайызы сыннан сүрінбей өтіп, қалғанымен еңбек келісім шарты бұзылды

 Әсел Тасмағамбетова, қызметкерлерді дамыту қызметінің маманы:
-Аттестация онлайн режимде тест сұрақтарына жауап беру арқылы өтті. Бұл арқылы ҚР заңнамасын, мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша стандарттарды білуі тексерілді.  

Мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілетін болады

Айдана Демесінова