Қоғам

Запастағы офицерлер мен сержанттарды әскери қызметке қабылдау

Залға 100-ге жуық запастағы офицер мен сержант жиылды. Барлығының көздегені бір: қарулы күштердің қатарына қосылып, әскери қызметке тұру. Ағымдағы жылдың басында қабылданған заңға сәйкес жоғары білімі бар, әскери кафедраны аяқтаған азаматтар лейтенант шенінде әскери қызметке тұруы мүмкін. Бұл үшін запастағы офицерлер мен сержанттар бірнеше сыннан өтуі тиіс.

Сағындық Сүлейменов, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:
-Ең бірінші денсаулығы жағынан тексерістен өтеді. Екіншіден, жоғары білім болуы керек. Олар тестілеуден өтеді заң бойынша, заңдарды білуі керек. Сосын дене шынықтыру жағынан олар емтихан тапсырады.

Офицерлерге жасалып жатқан жағдайлар жиылғандардың зор қызығушылығын тудыруда. Кездесуге келгендердің барлығы офицер қатарына қосылатынына үлкен үміт артып отыр. Солардың бірі Тимур Құлыбеков.

 Тимур Құлыбеков:
– Бүгінгі жиында еліміздің Президенті қорғаныс министрлігіне, офицерлерге көп көңіл бөліп, жақсы жағдай жасап жатқанын білдік. Әскерилердің әлеуметтік қамтылуы, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі сияқты артықшылықтары болғандығы қуантады.  

Тиісті сындардан сүрінбей өткендер 3 жылға келісімшартқа тұрып, қарулы күштер қатарына алынады.  Әскери кафедраны сержант шенінде аяқтағандар әскери қызметке лейтенант болып орналасуы мүмкін. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындайтын болса, келісімшарт негізінде әскери қызметін әрі қарай атқара алады.

Айдана Демесінова