Спорт

Кендодан шеберлік сыныбы

Кендошылардың ауыр жарақаттан қорғайтын киiмдерi де өзгеше. Семсерлесудiң ерекше сырын осы жерден түсiнуге болады. Спорттағы семсерлесуден мүлде бөлек. Бұл жерде соққы күшi мен жылдамдыққа басты назар аударылады. Кендо жекпе-жегімен айналысатындар өжеттiктi, батылдықты бойына сiңiредi. Қарсыласқа бiрден семсер сермеу қажет емес. Көзқарасыңмен, бет-бейнеңмен, өр кеудемен жасқандыру керек. Бұл – самурайлардың әскери философиясы. Қарсыласты семсер суырмай тұрып-ақ жеңу керек. Сол үшiн де бұл жауынгерлiк өнермен айналысатындар сағаттар бойы тынымсыз жаттығады. Олар үшiн рух бiрiншi, күш екiншi кезекте тұрады.

 Александр Глушко, кендодан Сібір-Орал аймағының кураторы:

 

– Рухы мықты жiгiт, рухы мықты халық деп жатамыз әдетте. Ал, осы рухты қалай қалыптастырады адам бойында? Мiнездi, қайсар, қаймықпайтын,  сертке берiк жанмен кез келген адам санасады, мықтылығын мойындайды. Рух бiздiң пайымдауымызша қанмен, тәрбиемен берiледi.  

5 дан иесінің біздің өңірге бұл алғаш келуі. Ол солтүстікқазақстандық кендошыларға спорт түрінің басты міндеті – артқа шегінбеу, тек алға басу керек екендігін түсіндірді. Кендо жаңа заманғы спорт түрі саналғанымен, мұнда жапондықтардың көне дәстүрінің элементтері бар. Бүгінгі өткізіліп отырған шара шығыс жекпе-жегінің солтүстік өңірде одан әрі кең қанат жаятындығына септігін тигізеді деген ойда жерлес кендошылар.

 Василий Джан, Петропавл қаласы бойынша кендодан нұсқаушы-бапкер:

-Кендо Күншығыс елінің қылыштасу өнері болып табылады. Бұл жекпе-жек адамды жылдамдық пен еркіндікке ғана емес, жылдам ойлау қабілетіне де машықтандырады. Бүгінгі шеберлік сыныбында  аз ғана уақыт болса да  тәрбиеленушілер шығыс спорт түрінің көптеген әдіс-тәсілдерін үйреніп шығады деп ойлаймын.

Китана Джан 8 жаста. Аталмыш спорт түрімен 1 жыл айналысып келеді. Үлкен жарыстарға шығып үлгермесе де, қылыштасу өнерін жетік меңгергендігі көрініп-ақ тұр.

 Китана Джан:

-Мен жарыстарға шыққан жоқпын. Бірақ тотамиде тұру, қылыштасу, семсерді дұрыс ұстау сияқты мән-жайды әкемнен үйренгенмін.

Біздің өңірде семсерлесу өнерінің дами бастағанына  екінші жыл. Ал елімізде бұл спорт түрі 2005 жылдан бері қалыптасқан.

Әсел Күшенғалиева