Аптадағы маңызды жаңалықтар

Балалардың жазғы демалысы



 

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қолға алынған іс-шаралар отырыста қаралған бірінші мәселе. Бұл мақсатқа биыл бюджеттен 230 млн. теңгеден артық қаражат қарастырылыпты. Жазғы уақытта облыста 19 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Оларда 14 мыңнан астам бала демалады деп жоспарланып отыр.

Надежда Патюткина, СҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:
Бүгінгі күні жазғы лагерьлердің дайындығы сексен пайызды құрайды. Маусымның бесіне дейін арнайы комиссиялар демалыс орындарының әзірлігін тексереді. Ал маусымның онынан сауықтыру лагерьлері балаларды қабылдай бастайды. Айта кететін маңызды жайт, демалыс орындарындағы аттракциондардың жағдайына көңіл аудару керек.

 

Төрт лагерьде ғана тексеріс жұмыстары жүргізілген.
Мұнымен қатар жаз бойы барлық мектептердің жанында сауықтыру алаңдары жұмыс істемек. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруда жасөспірімдер клубтарының да маңызы үлкен. Өңірдегі 20 ұйымның он тоғызы облыс орталығында, тек біреуі ғана ауданда жұмыс істейді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Аудан әкімдеріне бір ай ішінде аулалық клубтарды құру бойынша барлық іс-шараларды қарастыруды тапсырамын. Олар жазғы уақытта аудан орталықтарындағы мектептер жанында жұмыс істейтін болады. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша  балалармен жұмыс жасайтын мамандарға жалақы төлеуге қаржы бөлу жағы қарастырылсын.

Тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар қамқорлыққа алынбақ. Биыл бес мыңнан астам оқушы сауықтыру орындарында тегін демалады. Облыс әкімі бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ жиында мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, насихаттау және пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыс талқыланды.

  Руслан Әлішев, СҚО ішкі саясат басқармасының бастығы:
Есепті кезеңде облыста 2,5 мың мемлекеттік рәміз, 1390 стенд орналастырылған. 2012 жылы 540 мемлекеттік рәміз ауыстырылды. Нышандарды құрметтеу, насихаттау бағытында 2 мыңнан астам іс-шара өткізілді.  

Биыл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына жиырма жыл. Айтулы оқиғаны жоғары деңгейде атап өтудің егеменді еліміз үшін маңызы айырықша.
 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Жиырма жылдық мерейтойды атап өтуге арналған іс-шаралар аясында автожорық ұйымдастыру керек. Шара барлық аудандарды қамтуы тиіс. Бұдан өзге де салтанатты жиындарды тиісті деңгейде өткізу қажет. Мерекелік шаралар патриоттар форумымен аяқталады. Қала және аудан әкімдері, жауапты басқарма басшылары бұл жұмыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысулары тиіс.  

Отырыста алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Биыл қазандықтарды күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 63 млн. теңге бөлініп отыр. Бұған қоса 10,5 млн. теңге көлемінде кәсіпорындардың өз қаражаты қарастырылыпты. Ал әлеуметтік нысандарды қысқа даярлауға 2 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ. Жылыту маусымына тұрғын үйлерді әзірлеу бойынша да жұмыс кестесі құрылған. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі барлық дайындық шараларын қатаң назарда ұстау қажеттігін қадап айтты.

Айымгүл Әбілева