Қоғам

Пресновкада мемлекеттік рәміздердің жаңа макеттері жасалмақ

Константин Чайка осыған дейін де мемлекеттік нышандармен жұмыс жасаған. Алдыңғы еңбегінде полиэтилен материалдарын пайдаланыпты. Бұл жолы мемлекеттік нышандардың қаңқасы темірден жасалып, кейін оған бетон құйылған. Енді барлық бөлшектерін жасап болған соң суыққа да, ылғалға да төзімді арнайы сырлармен боялмақ. Негізгі жұмыс аяқталғанымен, әлі де тындыратын іс баршылық.   Константин Чайка бұл жұмысқа осыдан 2 апта бұрын кіріскен екен. “Егемендігімізді білдіретін белгілерді жасау үлкен жауапкершілікті қажет етеді”,-дейді мүсінші.

 Константин Чайка, мүсінші:
-Ұсақ жұмыстары өте көп. Барлығының өз өлшемі, өз үлгісі бар. Соған сәйкес жасап жатырмыз. Қателесуге болмайды. Әрі сапалы болуы шарт. Уақыттың аз болуы да біраз қиындыққа әкеліп соғады.

Мемлекеттік рәміздер – бұл елдің бет бейнесі, оның тарихы. Көк байрақтың, Елтаңбаның әрбір белгісі өзіндік терең мағынаға ие. Олар елдің салтын, бүкіл болмысын, өзгелерден ерекшелігін білдіреді.

 Константин Чайка:
-Әрбір елдің Елтаңбасы сол мемлекеттің байлығынан, мәдениеті мен салт-дәстүрінен сыр шертеді. Ту да Қазақстанның қандай ел екендігін көрсетіп тұр. Мемлекеттік рәміздерді бекітер алдында, әрине осы белгілердің мағынасына үлкен мән беріледі.

Бұл жұмысты уақытында аяқтау үшін мүсінші қолынан келгенін жасауда. Константин Чайканың еңбегі Жамбыл ауданының орталығы Пресновкада орнатылмақ.

 

Айдана Демесінова