Балалар

Балалар құқығын қорғау күніне әзірлік

 

 

“Достық әлемінде” деп аталатын мерекелік шара мектеп оқушыларының шеруінен басталады. Бірлікке үндеп ұрандататын белсенді де елжанды ұрпақ Қазақстан Конституциясы көшесінің бойымен жүріп өтіп облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығына бет алмақ. Мұнда өнерлі бүлдіршіндер  бағдарлама ұсынады. Бұл шараларға 3 мыңға тарта дарынды жас тартылмақ.

 Владимир Новик, облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры:
-Негізгі мерекелік шаралар орталық көшеде өтеді. Таңғы сағат 11-00-ден көше бойының әр тұсында жаппай думандату басталады. Ән шырқап, мың бұрала билейтін өнерпаздардың барлығы түрлі
байқаулардың жеңімпаздары. Жас қылқалам шеберлеріне сүйікті әуестіктерімен айналысудың мүмкіндігі туады.  

Салауатты өмір салтын ұстанатын жастар түрлі спорттық додаларда күштерін сынайды. Бұл күні спорт кешендерінің бірі де бос болмайды деп сендіреді ұйымдастырушылар. Әсіресе балдырғандар көптеп шоғырланатын саябақта, мәдениет нысандарында кешенді бағдарлама көзделген.

 Орал Сеңкібаева, СҚО балалардың құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы:
– Мереке күні әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбастарына әткеншектерге 3 мың тегін билет беріледі. Мұражайлар мен қуыршақ театрының қойылымдары да тегін болады.  

Кәсіпкерлер тарапынан да мереке иелеріне көптеген сыйлықтар жасалмақ.

 Галина Семенова, “СҚО жолаушылар тасымалы қауымдастығының” төрайымы:
– 7-15 жас аралығындағы балалар күні бойы қоғамдық көлікте тегін жүре алады.

Бұл күні  бүлдіршіндерге мерекені көңілді өткізу үшін барынша жағдай жасалады. 

 Жеңіс Ермұқанов