Қоғам

Іздеушілер тобы 30 майдангердің сүйегін жерлеп қайтты

“Алғыс” әскери-патриоттық іздеу тобының мүшелері 2 жарым аптаға жуық Ресейдің Тула облысында қазба жұмыстарын жүргізген. Бұл жерден ұрыс даласында қаза тапқан 14 жауынгердің сүйегі табылып, құрметпен қайта жерленді. Әскери-патриоттық топтың құрамында жігіттермен иық тіресіп, Бәтима Әбдірахманова да іздеу шараларын жүргізген.

 Бәтима Әбдірахманова, «Алғыс» әскери-патриоттық іздеу тобының мүшесі:

 

-Іздеушілер тобына алғаш рет қатысып отырмын. Тула өңірінде 14 жауынгердің сүйегін таптық. Осындай игі іс-шараға мен аз да болса үлес қосқаныма қуаныштымын.  

Тарихи деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған жауынгерлердің үштен бірі із-түзсіз жоғалып кеткен. Көпшілігінің денесі шайқастар жүріп өткен жерлерде көмілмей жатыр. «Алғыс» әскери-патриоттық клубы осымен 17-ші «Еске алу» вахтасына қатысқан.

 Алпамыс Сұлтанов, «Алғыс» әскери-патриоттық іздеу тобының мүшесі:

– Бастағанда қорқынышты болды, кейін екі, үш сарбаздың сүйегін тапқаннан кейін үйреніп кеттім. Тулада біз достар таптық.

Іздеу шараларына Қазақстан, Украина, Литва, Белоруссия елдерінен барлығы 14 отряд атсалысты. Экспедиция барысында табылған әрбір зат құнды дейді жерлес іздеушілер. Себебі, оған қарап соғысқа қатысқан солдат жайлы ақпарат алуға болады. Барлығы Тула өңірінде біздің облысымыздан 10 адамнан жасақталған топ іздеу жұмыстарын жүргізді.

Александр Самойлов, «Алғыс» әскери-патриоттық іздеу тобының жетекшісі:

-19-сәуірден бастап біздің іздеушілер тобы Орел өңірінде жұмыс істеп, ол жерден 16 сарбаздың сүйегін тапты. Кейін, 27 -і күні біз Тулада екі топ кездесіп, Белёв қаласына аттандық. Барлығы екі вахтада 30 жауынгерді тауып, олардың сүйектерін құрметпен жер қойнауына тапсырдық.  

Шілде айында іздеушілер тобы Калуга облысына аттанбақ. Бұл жердегі шайқас кезінде ақмолалық 387-атқыштар дивизиясының 40-қа жуық жауынгері қаза болған екен.

Әсел Күшенғалиева