Аптадағы маңызды жаңалықтар

Соңғы қоңырау



 

Осыдан 11 жыл бұрын мына 1-сынып оқушыларының орнында бүгінгі түлектер тұрған еді. Енді олар алтын ұяларынан үлкен өмірге қанат қақпақ. Осы сәттен бастап түлектердің алдында зор мүмкіндіктердің ашылары сөзсіз. Бұған олардың мектеп қабырғасында алған білімдері кепіл болмақ. Жас түлектерді айтулы күнмен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтап, ұсатаздарға алғысын білдірді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
11 жыл бойы білім мен тәрбие берген алтын ұямен қоштасу оңай емес. Сіздер үшін өмірде үлкен жол ашылмақ. Елбасы әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуда алдымызда үлкен міндеттер қойды. Солардың бірі – білім беру саласын нығайту.Осы қуаныш бәрімізге ортақ болсын.  

Бұл күнгі құттықтаулар мен сыйлықтардың бәрі – 14 түлектің құрметіне. Өңір жетекшісі олардың әрқайсысына ақшалай сыйлық жасады. Балаларға жылдар бойы демеушілік көрсетіп келе жатқан мекемелер де қуанышты мерекеге құр қолмеген. Әрдайым қолдау білдіріп, мейірімділік танытатын жандарға түлектердің айтар алғысы шексіз.

Назим Никифоров:
Жылдар бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздармен, алтын ұямызбен қоштасу сәті -тебіреніске толы. Бізге әрдайым қолдау көрсетіп, қол ұшын берген жандарға зор алғысымызды білдіремін. Олардың жақсылығы әрдайым біздің есімізде болмақ.  

Жылдар бойы тез есеюді армандаған түлектер балалық шақпен қоштасқандарын тек бүгін сезініп отыр. Сондықтан өз ойыншықтарын олар игі тілектермен, салтанатты түрде ізбасарларына табыстады. Ал бүлдіршіндер алғыстарын өлең жолдары арқылы жеткізді. Міне, тағатсыздана күткен соңғы қоңырау да соғылды. Сыңғырлаған қоңыраудың үнімен бірге түлектер өздерінің өмірлік тілектерін іштей айтып үлгеруге асықты.Қобалжып, асыға күткен соңғы қоңырау салтанаты осылайша көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Бұдан соң түлектер дәстүр бойынша мектеппен қоштасу әнін шырқады.
Бұл күні облыс әкімі Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейінің түлектерін де қуанышты күнмен құттықтады. Мектеп қабырғасынан биыл 30 түлек қанат қақпақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Тәуелсіздік жылдары облысымызда бірқатар білім мекемелері бой көтерді. Сол ғимараттың бірі – «Парасат» мектеп-лицейі. Осы білім ордасын аяқтаған әрбір түлек елімізді дамытуға өз үлесін қосады деген сенімдемін.  

Бұл білім ошағының шәкірттері оқуда да, өнерде де, спортта да дарынды. Олардың ең белсенділеріне өңір жетекшісі алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Салтанатты күнде оқушыларды білім нәрімен сусындатқан мұғалімдер мен балаларының мектептен алып келген әр бағасына бірге қуанып, мұңайған ата-аналардың да жүздерінде қобалжу, көздерінде жас байқалады. Дегенмен бұл қуаныштың белгісі болса керек.

Инеш Шоқақова