Билік

Облыс әкімінің аудандарға жұмыс сапары


 

Өңір жетекшісінің Аққайың ауданындағы жұмыс сапары Смирнов ауылын абаттандыру жұмысымен танысудан басталды. Биыл қалпына келтірілген аудан орталығының демалыс саябағында субұрқақ салынбақшы. Жоба құны – 2,5 млн теңге. Кейін Серік Біләлов аққайыңдық диқандардың егінжайын аралады. Биыл аудан бойынша 186 мың га алқапқа тұқым себілмекші. Оның 154 мыңы  –  бидай. Бүгінде танап басындағы жұмыстардың 50 пайызы тындырылған. “Астраханское” ЖШС еңбеккерлері де өз иеліктерінде бұл межеге жеткен. Бұдан соң облыс әкімі осы аудандағы “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясының” алқаптарын байқады.

Белгібай Қанафин, “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясының” директоры:
– Ылғал қоры жеткілікті. Шамамен 140-160 мм. Тұқым толықтай 1-ші сұрыпты. 13 мың га жеріміз бар. Бидаймен қатар жарма, майлы дақылдар егеміз. Біз облыста алғашқылардың бірі болып асыл тұқымды картоп өсіруді қолға алдық.

Өңір ғалымдары енді бір жаңашылдықты қолға алуда. Мүлдем өңделмеген жерде астық шығару жоспарланған. Тәжірибелерін сәтті жүзеге асыруда   шетелдік кешенге үлкен сенім артып отыр.

Дмитрий Котлеренко, “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясының” кіші ғылыми қызметкері:
– “Джон-Дир750 А” дискілік дән сепкіші топыраққа терең батып, тұқымды аса дәлдікпен салумен қатар
бірден арамшөптерге қарсы гирбицит шашады. Бұл ылғалды сақтаудың ең тиімді жолы. Бәрі автоматтандырылған. Сондықтан егіннің шығымы біркелкі болуы тиіс.

Сондай-ақ астық зерттеушілері өңірімізге қолайлы жоғары сұрыпты тұқым іздеп табуды әлі де жалғастырып келеді. Бұл мақсатта биыл Еуропадан ең үздік деген дәнді дақылдардың үлгілерін алғызған. Аса қымбат тұқым тым аз мөлшерде жеткендіктен, әр дән қолмен егіліп жатыр.

Ольга Гаас, “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясының зертхана меңгерушісі:
– Бір ғана бидайға тіреліп қалмай, өзге де дақылдардың түр-түрін қатар дамытқан жөн. Осы мақсатта біздің құбылмалы ауа райына тез бейімделгіш тұқымдарды іздеп жатырмыз. Олар төзімділігімен қатар, сапалы болуы тиіс. Сондықтан кезекті партияны 2-3 жыл тәптіштеп зерттеп, қажеттісін іріктейтін боламыз.
 

Қарбалас науқанда әр күн қымбат. Өңір ғалымдары қолайлы ауа райын пайдаланып, жұмысты тиімді жүргізу қажет дейді.

Ольга Гаас, “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясының зертхана меңгерушісі:
– Тәжірибеміз бен “Қазгидромет” орталығының болжамын ескере отырып, әсіресе бидай сіңіруді мамыр айынан қалдырмай түбегейлі аяқтау керек.
Өйткені маусымға шығып қалсақ, кеуіп қалған топыраққа егуге тура келеді. Құрғақ жер астықтың кілегейлігі мен жалпы сапасының төмен болуының басты себебі. Әрине бұл қажырлы еңбекті талап етеді. Барлық технологияны сақтасақ, мол өнім аламыз.

Диқандар да уақыт күттірмейтін үрдістің маңыздылығын жақсы түсінеді. Аққайың ауданына қарасты Қиялы ауылдық округінің 5 серіктестігі мен 42 шаруа қожалығының басшылары өздеріне тиесілі 18 мың га-ға жуық алқаптағы көктемгі егіс жұмыстарын аяқтауға жақын. Өңір жетекшісі істің 70 пайызын тындырған “Гагарина” ЖШС алқабында болды. Күніне 180 га дән себетін кешен қалған шаруаны алдағы үш күннің ішінде аяқтайды деп көзделуде. Маңызды науқан қарбаласы жеңілдеген соң серіктестік басшысы мал шаруашылығын дамытпақшы.

Серғазы Қарымсақов, “Гагарина” ЖШС директоры:
– “КазАгроФинансқа” құжаттарды тапсырдым. 200 басқа бел буып отырмын. “Ангус” ол етті мал. Канададан әкелеміз.Асыл тұқымды шаруашылық болады.  

“Базе-Север” ЖШС жетекшісі де жер өңдеумен қатар  жергілікті ірі қараны асылдандыруды көздейді.

Фрунзик Акопян, “Базе-Север” ЖШС директоры:
4500 га дән себеміз деп отырмыз. Жартысынан астамын егіп қойдық. Сеуіп болған соң, екінші мәрте өңдеп, бораналаймыз. Биыл өзімдегі 500 бас ала сиырға 200 асыл тұқымды мал қосамын. Ангус пен қазақтың ақбасын аламын. Ол үшін 2-ші мал кешенін салып жатырмын.  

“Новороссийское” серіктестігінің егіс барысымен танысқан соң Серік Біләлов М.Жұмабаев ауданына ат басын бұрды. Мұнда алдымен “Совет-СК” ЖШС аялдап, егінжайын қарап шықты. Кейін өңір жетекшісі Молодежный ауылдық округінің ауыл еңбеккерлерімен жүздесті.

 Сәкен Біләлов, “Богви” ЖШС директоры:
– 32 Га дәнді дақыл себеміз. 19 кешеннің көмегімен оның 15 мыңы артта қалды. Бұл шамамен 48 пайыз іс тындырылды деген сөз. Бәрі жеткілікті. Орақ науқанында гектар берекелігі кемінде 20 центнерден айналуы тиіс.
 

Облыс әкімі Авангард округінің диқандарымен де тілдесті.

Сайлаубай Әубәкіров, “Авангард-СКО” ЖШС директоры:
– Барлығы 22 775 Га аумақты игеруді жоспарладық. Күніне 1300 га өтсек, бидайды 31 мамырға дейін сеуіп тастаймыз. Әзірге жоспардан қалатын еш себеп жоқ.  

Серік Біләлов осы арада “Сыбаға” бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып қалған Қайрат Жәнібековтен шаруашылығының жай-күйін сұрап білді.

Қайрат Жәнібеков, “Жәнібеков и К” ШҚ басшысы:
– “Сыбаға” бойынша 13 млн несие алдым. Оған 64 қара мал, 3 асыл тұқымды герефорд бұқасын алдым. Қазір барлығы 104 бас бар. 2 база салып жатырмыз. Жылдың аяғына дейін 200 басқа жеткіземіз.

Жалпы М. Жұмабаев ауданының агроқұрылымдарына 400 мың Га алқапқа бидай себу керек болатын. 450 агрегат пен 55 жоғары өнімді кешен бүгінде аумақтың жартысынан астамын игерген. Мұндағылар облыс әкімін жоспардан қалыспаймыз деп сендірді.

Жеңіс Ермұқанов