Спорт

Кикбокстан өткен әлем кубогында жерлесіміз күміс алқа еншіледі


 

Әлем кубогында Қазақстан намысын 23 спортшы қорғаған. Біздің өңірден байрақты додада ұлттық құрама сапында Рауан Смағұлов өнер көрсетті. Әлемнің ең мықты деген былғары қолғап шеберлері жиылған кубокта ел құрамасы жалпыкомандалық есепте Беларуссияны ғана алдарына жіберіп, 2-ші орынға ие болды. Үздіктер үштігін Ресей федерациясының кикбоксшылары қорытындылаған. Ұлттық құраманың жеңісіне Рауанның қосқан үлесі аз емес. Венгриядан жерлесіміз күміс алқамен оралды.

Сабыржан Сақтағанов, халықаралық дәрежедегі төреші:
– Меніңше ол жақсы нәтиже көрсетті. Жақсы дайындықпен барып, осындай нәтижеге жеттік. Бұған дейін ол жастар арасындағы чемпионатқа қатысқан.
Үшінші, екінші орын, енді ақырындап бірінші орынға жетеміз деп ойлаймын.  

Рауан спорттың бұл түрімен 10 жасынан айналыса бастаған. Сабыржан Сақтағановтың қол астында 5 жылдан бері жаттығып келеді. 2008 жылы жерлесіміз спорт шебері атанды. Халықаралық турнирдің 2 дүркін жеңімпазы былтыр Атырау қаласында өткен “Бейбарыс” додасында да бас жүлдеге ие болған.

Рауан Смағұлов, спорт шебері:
– Үш жекпе-жек өткіздім. Бірінші венгрмен шықтым. Оны 3-0 мен жеңіп, жартылай финалға шықтым. Онда беларусьпен екі раунд өткізіп, екіншісінде накаутпен жеңдім. Финалға шығып, беларусьтан 2-1-мен жеңілдім. Өз туымды көтеріп, әлемде бірінші орын алғым келеді.  

Әлем кубогы 2 жылда бір рет кикбокстан “wako” дүние жүзілік қауымдастықтың ұйымдастыруымен өтеді. Бұл жолы жарыс 6 құрлықтың 600-ге тарта спортшысының басын қосыпты.

Гүлбану Ахметова