Энергетика

Шілденің 1-інен жылу энергиясы ақысына сараланған тариф енгізіледі

 

 

Ғ.Мүсірепов көшесіндегі 10-шы үйдің тұрғындары 3 жыл бұрын есептегіш құралды орнатуға бел буған. Аталған жабдықты несиеге алыпты. Жарты жылдың ішінде-ақ, қарызды толық өтеп болған жерлестеріміз құрылғының тиімді екеніне көз жеткізгендерін айтады.

Валентина Рукавишникова, «Мүсірепов, 10» мекенжайындағы ПИК төрайымы:
Біз алған кезде бұл құрылғының құны бар болғаны 117 мың теңге ғана еді. Біз оны несиеге алып, борыштан толығымен құтылдық. Енді жылыту маусымы басталғанда осы құрылғы арқылы жылуды ертерек қоса аламын. Үйге жіберілетін жылуды өзіміз қадағалап, даладағы температураға байланысты өзгертіп отырамыз.

Өзге тұрғындар да есептегіш құрылғының артықшылығы үйдің жылы болуынан аңғарылатынын айтуда.

Есептегіш құрылғының басты тиімділігі – жылу үшін біз бұрынғыдан азырақ төлейміз. Әрі жылу энергиясын бақылап отырамыз. Мұндай жабдықтың болуы барлық тұрғындарға пайдалы деп ойлаймын
Бұрын жабдық болмағанда жылу үшін шаршы метріне 72 теңге төлейтінбіз. Ал қазір шамамен 56 тг-ден айналады.
Мен есептегіш құрал орнатылғанына ризамын. Үйіміз өте жылы.

Бұл есептегіш құрылғылар жертөлеге орналастырылады. Осы жабдық арқылы азаматтар белгілі бір уақытта қанша жылу энергиясын қолданғанын көре алады.

Валентина Рукавишникова, «Мүсірепов, 10» мекенжайындағы ПИК төрайымы:
Мына құрал арқылы жылудың қанша жіберілгенін, күніне қанша гигаколорий болатытынын бақылап отырамын. Егер көп жұмсасақ, жылу энергиясын жіберуді сәл бәсеңдетемін.

Ал Шоқан Уәлиханов көшесіндегі 34-үйде есептегіш құрылғы 1997 жылы орнатылған екен. Осы уақытта жабдықты сатып алуға кеткен қаржыны толығымен қайтардық дейді «Сантехник» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Иван Мясников. Мәселен,  биыл бұл баспаналардың иелері жылу энергиясын пайдалану кезінде 860 мың теңгені үнемдеген екен.

Иван Мясников, «Сантехник» ПИК төрағасы:
Құрал біз пайдаланатын жылу энергиясын есептейді. Сондықтан жылуды үнемдеу біздің қолымызда. Қыс мезгіліне алдын-ала дайындалып, жылудың сыртқа кетпеуі үшін түрлі шараларды қолданған жөн.

Үстіміздегі жылдың бірінші шілдесінен қала тұрғындары пайдаланған жылу энергиясының құнын сараланған тариф бойынша төлемек. Мәселен, арнайы құрылғы орнатылған баспананың иелері 1 шаршы метр аумаққа берілген жылу үшін 38 теңге, ал орнатпаған жағдайда шамамен 72 теңге төлеуі мүмкін.

Мағауия Сағындықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС директорының міндетін атқарушы:
Есептеуіш құралды орнату үшін үй тұрғындарының үштен екі бөлігі келісімін беруі шарт. Мұны хаттамаға кіргізу керек. Кейін осы құжатпен бізге келіп, келісімшартқа тұра алады.

Бүгінде қаламыздағы 187 үйдің тұрғындары пайдаланған энергияны есептегіш құралдардағы көрсеткіш бойынша өтейді. Енді тағы 706 баспанаға осындай жабдық орнату қажет.

Айдана Демесінова