Мәдениет

«Қара киімділер-3» қазақ тілінде

 

 

Биыл жарыққа шыққан «Қара қиімділер» фильмі   – америкалық туынды. Басты рольдерде Уилл Смитт, Эмма Томпсон, Томми ли Джонс сынды актерлер ойнайды. Тек бұл жолы фантастикалық комедия жанрындағы киноның кейіпкерлері қазақша сөйлеп кеткен. Мемлекеттік тілге тәржімаланған туынды қазір еліміздің 50-ге жуық кинотеатрларында көрсетілуде.

 Диана Кенжеғұлова, облыстық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп- интернатының тәрбиеленушісі:
– Қазақ тіліне аударылған фильмді көруге келдім.
Өте ұнады. Жастардың қазақ тілін үйренуіне пайдасы зор деп ойлаймын.

Фильмнің желісі бойынша басты кейіпкер «агент Джейдің» бейнесіндегі Уилл Смитт өзінің әріптес досы «агент Кейді» құтқару үшін 60 жылға кейін шегінеді. Фильмнің басты идеясы – адамзатты зұлымдық атаулыдан қорғау. Мұның бәрі басты кейіпкерлердің бейнесінен көрінеді. “3 д” форматында мемлекеттік тілде ұсынылған туындыны алғашқылардың қатарында жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар мектеп-интернатының, сондай-ақ, арнайы түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілері тегін көре алды. 
 

 Андрей Проценко, №2 арнайы мектеп-интернат  мұғалімі:
– Осында бірінші рет келіп отырмын.
Фильм ұнады. Алдағы уақытта да осындай көрсетілімдер жиі болып тұрса деймін.

Танымал фильмдердің біріне айналған «Қара киімділер – 3» туындысы “Қазақстан” кинотеатрында бір апта бойы қазақ тілінде көрсетілмек. Мұнда осыған дейін де «Тачки-2», «Ирония судьбы» сынды фильмдер мемлекеттік тілде ұсынылған болатын.

Әспет Әбдірешова