2004 жылы Астана қаласында алғашқы құрылтайын өткізген Қазақстан қажылар қауымдастығы рухани бағытта елмен етене араласып, ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Ұйым өкілдері мұсылмандарды әр түрлі әдіспен оқыту, діни- ағартушылық бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыра отырып, рухани тәрбие беруді көздейді. Сондай-ақ ел ішіндегі жат діни ағымдарға қарсы жұмыс жасап, халал өндірісін дамыту және қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысады.
Еркін қажы Дуанаев, Қазақстан қажылары қауымдастығының төрағасы:
-Ісіміздің басты мүддесі – 14 ғасырлық тарихы бар ата дініміз исламның мемлекетіміздің рухани дамуына қосар үлесі, жастар бойына ізгілікті, инабаттылықты, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру.
Кеш барысында жиылғандар назарына ислам дінінің жолы, иман келтірушілік, қажылық сапар туралы бейнефильм ұсынылды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері халқымыз ислам дініне бет бұрып, 25 мың адам қажылық парызын өтеп келген.
Сәлима қажы Балтабаева, Қазақстан қажылары қауымдастығының СҚО филиалының төрайымы:
-Бүгінгі өткізіп жатқан діни шарамыз тәуелсіздігіміздің нығаюына, еліміздің гүлденіп, өркендеуіне үлкен жәрдемін тигізеді деп ойлаймын.
Қазақ – қашанда жетімін жылатпаған, ата-анасына қамқор болған халық. Ендеше, бүгінде жетімдер, қарттар үйінің көбею себебі неде? Осы мәселелер төңірегінде де қажылар ой толғап, өз пікірлерімен бөлісті. Ал облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртістері «Тәубеге келу» шағын қойылымын жиылған жұрттың назарына ұсынды.
Әсел Күшенғалиева