Аптадағы маңызды жаңалықтар

Балалар лагерьлері жазғы демалысқа дайындалуда


 

“Достық” және “Аққайың” балалар сауықтыру лагерлері бірнеше жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Мұндағы бар дүниенің әбден тозығы жеткен. Қазіргі уақытта 4 ғимараттың шатырлары ауыстырылды. Іші сырланып, жаңадан түсқағаз жапсырылған. Жуынатын бөлмелері де назардан тыс қалмапты. Ғимараттың іші дайын. Енді қалғаны – сыртқы әрлеп-сырлау және аумақтарды тазалау жұмыстары.

Асылбек Тоқбаев,”Планета” туристік орталығы директорының міндетін атқарушы:
– Біз екі лагерьде сенбілікті 17 сәуірден бастаған болатынбыз. Биыл осы маусымда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жеке кәсіпорын ұтып алған болатын. 30 кісіден жұмыс істеп жатыр. Ғимараттың іші-сыртын сырлап, ақтап сондай жұмыстармен айналысуда. Және “Достық” лагерінде су құбырлары ауыстырылды.  

Қалалық бюджеттен жөндеу жұмыстарына 70 млн. теңге бөлінген. Оның 17 млн. күрделі жөндеу шараларына, тағы 1млн. теңге асханаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалыпты. Балаларды 5 мезгіл тамақтандыруға осы қаржы есебінен 25 млн. теңге қарастырылды. “Аққайың” демалыс орнында 7-10 жас аралығындағы, ал “Достықта” 11-14 жасар жеткіншектер уақыттарын тиімді өткізбек. Әл-ауқаты төмен отбасыларынан шыққан балалар тегін демалу мүмкіндігіне ие.

Ақжүніс Мұсырман, қалалық білім бөлімінің бастығы:
-5 маусымда 2100 баланы демалдыруды мақсат етіп отырмыз. Оның ішінде 840 бала аз қамтылған
отбасылардан. Осы балалардың бәріне жолдама алынды. Бұл 5 маусымның басталуы 15 маусымда ең соңғы маусым 21 тамызда аяқталады. Және осы лагерьге кадр мамандарын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ, дайындық шаралары барысында демалыс орындарындағы шағын аттракциондар техникалық тексеруден өтті. Биыл қосымша әткеншектер мен батут  іске қосылмақ. Бір алаңды № 42 мектеп ұжымы жинастыруда. Бейбіт Ысқақов білім ордасында күзетші болып жұмыс істейді. Кезінде мұнда менің де балаларым демалған дейді ол.

Бейбіт Ысқақов, №42 мектептің күзетшісі:
– Лагерьдің территориясын жинап жатырмыз. 1 маусымнан бастап аманшылық болса балалар осында демалуға келеді. Соларға міне дайындап жатырмыз.  

Екі лагерьдегі дайындық жұмыстарын 1 маусымға дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ жалпы білім беретін 39 мектептің жанынан жазғы балалар алаңқайлары ашылмақ.

Гүлбану Ахметова