Білім

“Болашақ” бағдарламасының талаптары жеңілдетілді

 

 

Биыл “Болашақ” стипендиясына үміткерлерге қойылар талаптар жеңілдетіліп отыр. Мәселен, байқауға қатысатын мемлекеттік қызметкерлердің еңбек өтілі үш жылдан екі жылға дейін қысқартылыпты. Мұнымен қатар дипломның орташа балы да 4-ке дейін төмендетілді. Ғылыми-педагогикалық қызметкерлер үшін де біршама жеңілдіктер бар.

Анар Көпеева, “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ жетекші менеджері:
-Ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің еңбек өтілі үш жылдан бір жылға дейін қысқартылды. Ал дипломның орташа баллы 4,5 -тен 4-ке дейін төмендетіліп отыр. Мұнымен қатар бұрын байқауға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ғана қатыса алатын. Енді биылдан жеке меншік білім беру мекемелерінің мамандары да “Болашақ” стипендиясының иегері атану мүмкіндігіне ие.  

Биыл қажетті құжаттар тізімі де қысқартылып отыр. Кепілге қатысты да өзгерістер бар. Енді стипендия иегерлері қолда бар мүлікті кепілге қояды. Тек қалған сомаға кепілгерлер болса жеткілікті. Тағы бір маңызды жайт – үстіміздегі жылдан байқауға үміткерлер тек жұмыс берушінің өтінішімен ғана қатыса алады.

Анар Көпеева, “Халықаралық бағдарламалар орталығы” АҚ жетекші менеджері:
-Бұрын байқау талаптарына сай келетін кез-келген азамат “Болашақ” стипендиясы үшін сынға түсе алатын. Енді өз беттерімен шетелде білім алғысы келетіндерден басқа үміткерлердің байқауға қатысулары үшін жұмыс берушінің келісімі керек. Бұл стипендия иегерін қайтып келгеннен кейін жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр.

“Болашақ” стипендиясының иегері атану үшін үміткерлер бес турдан өтеді. Бірінші кезекте олар шетел тілі мен мемлекеттік тілді жетік меңгерулері тиіс. Мұнымен қатар үміткердің ел тарихы мен заңдарын білуі, кәсіптік даярлығының деңгейі бағаланады.

Александр Семенчук, СҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің бас маманы:
-Жаңа шарттар көңілімізден шықты. Биыл бағдарламаға бірқатар жеңілдіктер енгізіліп отыр екен. Құжаттар тізімінің қысқартылғаны қуантады. Бұл бағдарлама үлкен мүмкіндіктер береді. Шетелде біліміңді шыңдап, білікті маман болуыңа жағдай
жасалып жатыр.

Айту керек, биыл құжат тапсыру үшін Астанаға барудың қажеті жоқ. Құжаттарды қабылдау жергілікті жерде жүргізіледі. Байқауға қатысу үшін оларды шілденің 31-не дейін тапсыру керек.

Айымгүл Әбілева