Қылмыс

Пәтердегі жарылыс


 

Жарылыс болған 4-пәтердің иесі Балқадиша Сокова төтенше жағдай кезінде көрші подъездегі танысында қонақта болыпты. Бірақ үйінде 2-топтағы мүгедек ұлы ұйықтап жатқан.

 Балқадиша Сокова, пәтер иесі:
– Ол ұйықтап жатқан. Содан шошып оянып, білмеймін не болғанын деп жылап жүр. Документтері далаға ұшып кетіпті. Келсем, далада жүр жылап. Кешеден газды ашқан жоқпын мен.

Жарылыс салдарынан ер адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Жарылып кеткен терезе әйнегінің сынықтары осы кезде үйдің жанынанн өтіп бара жатқан жас қызға да тиген. Алайда, жапа шегуші ауруханаға барудан бас тартып, алғашқы медициналық көмек алумен шектелген.

 Анна Сироткина, үй тұрғыны:
– Қатты гүрсілді естіп далаға шықтым. Осы маңнан өтіп бара жатқан қыз жарақат алды. Оның төбесіне шыны сынықтары түсті. Мына жерде жатқан әйнектің бәрі содан қалған.  

Сондай-ақ, жарылыс салдарынан аулада тұрған 3 жеңіл көліктің терезелері сынып кеткен. Ал төтенше жағдай орын алған пәтерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Өйткені баспанадағы терезелерге зақым келіп, үйдегі мүлік қираған. Бірінші қабатта тұратын Александра Миронова пәтерінің есігін де жарылыс толқыны жұлып әкеткенін айтады.

Александра Миронова, зейнеткер:
– Мен тамақ істеп жатқан болатынмын. Бір нәрсе қатты тарс етті түсті. Қарасам, есігім құлап жатыр. Не болды деп сыртқа шықсам, көршілердің бәрі есеңгіреп қалған. Ешкім ештеңе білмейді.

Жарылыстың  себебі әлі белгісіз. «Горгаз» ЖШС қызметкерлері бұл жағдайға байланысты түсініктеме беруден бас тартты. Бар белгілі болып отырғаны, жарылыс туралы хабар таңғы 8-ден 39 минут кеткенде түскен.

Евгений Журавлев, СҚО Төтенше жағдайлар

департаменті баспасөз қызметінің бас маманы:
– Жарылыс салдарынан 1-ші қабаттан 5-ші қабатқа дейінгі терезелер сынып түскен. Сонымен қатар  оқиға орнында 1-2-дәрежедегі жарақат алған ер адам 3-қалалық ауруханаға жеткізілді.

Оқиғаның нақты себептері сараптамалық зерттеуден кейін анықталмақ.

Әспет Әбдірешова