Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің Қызылжар ауданына жұмыс сапары


 

Танап басына шыққан диқандар үшін көктемнің әр күні қымбат. Топырақ ылғалы тартылмай тұрғанда, тұқым сеуіп үлгерсек деген қарбалас шақ басталды. Жауапты науқанға кірісіп кеткендердің бірі – «Якорь СК» серіктестігі.

Владимир Очеретенко, «Якорь СК» ЖШС директоры: -Биыл 4 мың гектар жерге астық егеміз. Оның тең жартысына тұқым себілді. Сонымен қатар 700 гектар жерге жүгері салдық. Мал азығы үшін. Тыңайтқыш, жанар – жағармай қоры жеткілікті. Маусым айында тағы бір жауын жауса, ырыздық мол болады.

Қазір топырақтағы ылғал шамамен 50 мм. Қолайлы ауа райымен қоса, алдыңғы қатарлы техниканы пайдалану мол өнімнің кепілі. Жауапты науқанға аудан бойынша 47 егіс кешені жұмылдырылса, оның 17-і су жаңа.

Владимир Брускевич, «Брускевич» ФШ басшысы :

-Биылғы көктемгі дала жұмыстарына Швецияның «Рапид» техникасын сатып алдым. Құны 12 млн.теңге. Оның артықшылығы – бес жұмысты қатар атқарады. Бірден тұқым сеуіп, жерді тегістеп, тырмалап өтеді. Осының арқасында 1100 гектар жердің 70 пайызына дән сіңіріп үлгердік.

Былтыр жиналған мол өнім элеваторларға сыймай, біразы далада қалған болатын. «Биыл мұндай жағдайға ұрынбаймыз», – деді облыс әкімі Серік Біләлов.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Биыл астық тапсырудан қиыншылық тумайды. Өткен жылдың 1 млн.тонна бидайын «Продкорпорацияға» жөнелтеміз. Орын босайды. Сондай – ақ сыйымдылығы 500 мың тонна элеваторлар салу жоспарда бар. Оның бірі Петропавл қаласында бой көтереді.

Жұмыс сапарын қорытындылаған өңір басшысы егіс науқанын уақытылы, әрі сапалы аяқтауды тапсырды.