Қоғам

«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте»


 

«Мемлекеттік тіл -мемлекеттік қызметте» атты облыстық байқау жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Бұл жолы тартысты додада өз білімдерін 10 сайыскер сынады. Мемлекеттік қызметшілер 3 кезең бойынша қазақ тілінде өнерлерін көрсетуі тиіс. Мамырдың 16-сы Ғ.Мүсіреповтың 110 жылдығына байланысты ұйымдастырылған жарыстың алғашқы кезеңінде Марина Венинг бас жүлдеге ие болған. Ұлты орыс болса да, қазақ тілінде таза сөйлейді. Өлең шығаратын әуестігі де бар екен. Марина Шалақын аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің намысын қорғап келген. Қазақ тілінде ұйымдастырылып тұратын сайыстарда әрдайым бағымды сынаймын дейді ол.

Марина Венинг, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы, Шал ақын ауданы:
-Жүлделі орын алуға ниеттімін. Дайындығымыз өте жақсы өтті. “Махаббат қызық мол жылдар” тақырыбында қойылым бар. Биылғы жылдан Абайды насихаттауға байланысты өткен шарада екінші орын алдым.

Сайыскерлердің арасында облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Елена Давыденко да бар. Ол мемлекеттік тілді мектеп қабырғасында меңгеріп алған.

Елена Давыденко, СҚО мәдениет басқармасының бас маманы:
Мен мәдениет басқармасының атынан қатысып отырмын. Бүгінгі байқау өте қызықты. Себебі мұнда қазақ тілін қаншалықты білетініңді көрсетуге болады.  

Мемлекеттік тіл байқауында сайыскерлерге жоғарғы талап қойылып отыр.

Жанат Мұхамеджанов, мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры:
Бірінші кезең аудандар арасында Новоишим ауылында өткен болатын. Бұл жерде үміткерлер өз өнерін көрсетеді. Ән, би, сахналық көрініс түрінде. Бүгінгі сайыстың ең басты мақсаты – мемлекеттік тілде сөйлеу. Өз ойын жеткізу. Өзінің мемлекеттік тілде сөйлей алатындығын көрсету.  

Алда “Мемлекеттік тіл-мемлекеттік қызметте” облыстық байқауының үшінші кезеңін ұйымдастыру жоспарланған.

Гүлбану Ахметова