Бизнес және экономика

Көмір қалдықтарын да пайдаға жаратуға болады

 

 

Материалтану және нанотехнологиялар Ассоциациясының құрамына әлемнің жеті елінен 24 компания кіреді. Олар әзірлеген жаңа технологиялар мен озық инновациялар өндіріске сәтті ендірілуде. Аталмыш қауымдастық облыста мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда ғылыми-техникалық қолдау көрсетуге әзір. Басқарма төрағасы Серік Қожахметовтың айтуы бойынша, біздің өңірде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету және тұрмыстық, техногендік қалдықтарды қайта өңдеуде инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол.

Серік Қожахметов, материалтану және нанотехнологиялар Ассоциациясының басқарма төрағасы:
-Біріншіден, су тазалау мәселесі, екіншіден тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жобалары. Ал негізгі үлкен жоба – облыстағы жылу станциясының көмір қалдықтарын өңдеу.

Яғни, бұл жоба көмірді жаққаннан кейін қалатын кәдімгі күлді қайта өңдеп кәдеге жаратуды көздейді. Көмір қалдықтарын қайта өңдеу арқылы бірқатар пайдалы өнім алуға болады. Оның ең негізгісі – аморфтық кремнезем. Ол құрылыс саласында, сондай-ақ ғарыш өнеркәсібінде пайдаланылады. Айту керек, бұл өнім әлем нарығында үлкен сұранысқа ие. Мәселен, Ресейде оның бағасы 2,5 мың евродан 8 мың евроға дейін жетеді екен.

Александр Қосмұхамбетов, “Қазмеханобр” мемлекеттік ғылыми-өндірістік бірлестігі директорының орынбасары:
-Аморфтық кремнезем бұл инертті материал. Күлдің құрамындағы заттардың 60 пайызын кремнезем құрайды. Көмір қалдықтарын қайта өңдеу арқылы осы аса пайдалы затты өндіруге болады. Күлдің адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін білеміз. Енді оны іске жаратып, кіріс табуға әбден болады. Бұған қоса күлдің құрамында өзге да пайдалы заттар бар.

Сонымен, тау болып үйілген талай жылғы күл үйінділерін табыс көзіне айналдыруға болады. Петропавл жылу электр орталығында жылына 2,5 млн. тонна көмір жағылып, 1 млн тонна күл шығарылады екен. Бұл экологиялық тиімді инновациялық жоба өзін-өзі бір жарым жыл ішінде ақтайды деп отыр мамандар. Серпінді жоба солтүстікқазақстандықтардың қызығушылығын тудырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мамандармен бірлесіп, жобаны жүзеге асырудың технологиясын әзірлеуі тиіс. Кәсіпорын құру керек. Қажетті қондырғыларға тапсырыс береміз. Бұл орайда Петропавл ауыр машина жасау зауытымен жұмыс жасау жағы да қарастырылатын болады. Бұл инновациялық жобаны қайткен күнде де іске асыруымыз қажет. Күл үйінділерін жойып, оны пайдаға жарату мәселесі бүгінде өте өзекті.

Мұнымен қатар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің де маңызы үлкен. Қала маңын қоқыс үйінділерінен тазарту керек. Бұл жобаны да қолға алуға облыс басшылығы ынталы.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Арнайы жұмыс тобын құрамыз. Бір ай ішінде барлық үш бағыт бойынша инновациялақ жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін зерттеп, саралау керек. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, серпінді жобаларды іске асыру үшін бюджеттен қаржы бөлу жағын қарастырамыз.

Айымгүл Әбілева