Бизнес және экономика

Экономика тұрақты өсу үстінде



 

 Өнеркәсіп саласын дамытуда Солтүстік Қазақстан облысының алар орны ерекше. Кездесуге қатысқандар экономиканы қарқынды дамыту үшін шығаратын өнімдерді заманауи жоғары технологиямен дайындау керектігін алға тартты. «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Пішенбаев өз сөзінде Елбасы Жолдауында белгіленген басым бағыттар әрқашан қолдауға ие болатынын айтты.

Қайрат Пішенбаев, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
– Ел Президентінің барлық бастамаларын, ауқымды мемлекеттік бағдарламаларын, ең бастысы 2020 стратегиясына қолдау жасау. «Нұр Отан» партиясының басым бағыттары осындай.

Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асып келе жатқанына биыл 3 жыл. Осы уақыт аралығында облыста атқарылған істер аз емес. Өңірде индустрияландыру картасы аясында 2 жылдың ішінде 20 жоба қолға алынып, 750 жұмыс орны ашылған. Жергілікті жерде тиімділігін көрсеткен бағдарламалардың бірі – «Өнімділік – 2020». Аталмыш бағдарламаның мүмкіндіктерін «Мұнаймаш» кәсіпорны да пайдаланған. Компания алдағы уақытта жаңа желілік станоктардың арқасында электр энергиясының шығынын 10 миллион теңгеге дейін азайтуды көздеп отыр. Ал мұнай бұрғылау насостарының өнімділігі 5,3 есеге артпақ.

Сергей Литвинов, «Мұнаймаш» АҚ техникалық директоры:
– Жобаның құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Ол шығарылатын өнім сапасын жақсартып, шығынды азайтып, республика бойынша өнімділікті арттыруға бағытталған. Аталмыш бағдарлама бойынша заманауи шетелдік 12 дана қондырғы игерілмек.

Жаңа құрылғылар кәсіпорынға үстіміздегі жылдың маусым айында жеткізілуі тиіс. Ал болашақта зауыт өнімін Ресей нарығына шығаруды көздеп отыр. Жалпы 2012 жылы 7 млрд теңгені құрайтын 6 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Әспет Әбдірешова