Қоғам

Бағбандарға жағдай жасалып жатыр

 

 

 

 Зинаида Милякова құрметті демалысқа шыққалы шуақты күндерді осы саяжайда өткізеді екен. 70-ті желкелеген қария 1988 жылдан мұндағы 5 сотық жерін өңдеп, көкөніс пен жеміс-жидек егуді жақсы дәстүрге айналдырған. Зинаида Сергеевнаның сүйікті ісімен айналысуына саяжай қауымдастығы бар мүмкіндіктерді жасап қойыпты.

Зинаида Милякова, бағбаншы:
– Ең бастысы су бар, аптасына үш рет беріп тұрады. Жарық өткізді. Күн батса да ісімді еш қиындықсыз тындырамын. Саяжайлар тәулік бойы күзетіледі. Бөтен адамдарға жол жоқ. Бір апта болды осында қонып жүргеніме. Өте тыныш. Бірде-бір оқыс оқиға
тіркелмеді.

Анна Рожнова 5 жыл бұрын саяжайшылар қоғамдастығының тарапынан бұндай көңілдің бөлінетінін тіпті ойламағанын айтады. Бүгінде бар керек-жарақтары ескеріліп, талаптары орындалған саяжайда дәруменді бау-бақша дақылдарын түптеп жүр.

Анна Рожнова, бағбаншы:
– Тер төгіп өсірген өнімдеріміз ұрылардың олжасына айналады деп қам жемейміз. Бұрындары тіпті ыдыс-аяқ, құрал-жабдықтарымыз қолды етілетін. Енді саяжайға жаяулатып емес, арнайы бөлінген көлікпен келеміз. Бағбаншылықпен айналысамын деушілерге қажеттінің бәрі бар.  

Бүгінде “Ромашка” саяжайшылар қоғамдастығына 2 200-ге тарта бағбаншы мүшелік етеді. Олар 167 Га жер телімдерінде бақша дақылдарын өсіреді.

Александр Ромашкин, “Ромашка” саяжайшылар қоғамдастығының төрағасы:
– Қоғам 2007 жылы құрылды. Біз кез-келген бағбаншыны құшақ жая қарсы аламыз. Қаламаса өз еркімен шыға алады. Соңғы жылдары 3 шақырымдық электр желісі тартылды. Барлығы жаңадан 90 жарық бағанасы орнатылды. Саяжайға су келіп тұр. Жылда инженерлік желілер мен жол жөнделеді. Ол үшін өзіміздің жұмысшыларымыз бар. 14 күзетші қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.  

Саяжайларға биыл тағы қосымша 50 жарық бағанасы орнатылатын болады.

Жеңіс Ермұқанов