Бизнес және экономика

“Халықтық IPO” бағдарламасы насихатталуда



 

Қазір қоғамда “Халықтық” деген айдар тағылған “IPO” туралы әңгіме қызу жүріп жатыр. Бұрын-соңды мұндай жоба болмағаннан кейін ел-жұрттың білетінінен білгісі келетіні көп. Осы мақсатта өңірімізге республикалық үгіт-насихат тобы келді. Жалпы, IPO дегеніміз ірі кәсіпорындардың бағалы қағаздарын нарыққа шығарып, сату.

Сержан Әлібаев, Экономикалық даму және сауда министрлігінің басқарма бастығы:
Жобаға бірнеше жыл қатарынан еліміздегі бірқатар Ұлттық компаниялар қатыспақ. Еліміздегі 400-дей кәсіпорынның қаржылық жағдайы, компания құнының өсу мүмкіндігі, бизнесін алдын-ала болжауы толықтай зерттелді. Нәтижесінде негізгі талаптарға жауап беретін ең үздік деген акционерлік компаниялар таңдалып алынды.

Іріктелген қарқынды дамушы компаниялар құнды қағаздарын қаржылық биржаға 2012 жылдың 3 тоқсанында шығармақшы. Бизнеске араласам деуші халық арасындағы үлескерлер өндірістің тек 15 пайыздық акциясына дейін қаржы құя алады.

Елжас Отыншиев,  “Самұрық-Қазына” АҚ бас менеджері:
Негізгі мақсат – ең мықты қазақстандық компаниялардың акцияларына халықтың қолын жеткізу. Құжатты иемденуші кәсіпорынның пайдасынан өз үлесін алуға құқылы. Акция өсе түскенде сата алады. Бұл қызметті еліміздегі 67 брокерлік және диллерлік ұйымдар арқылы жасауға болады. Бұл кез-келген қазақстандық азамат пен жинақтаушы зейнетақы қорлары үшін қызықты әрі тиімді болады.

Болжамдарға сәйкес бұл үрдіске жеке тұлғалар тарапынан 160 мыңдай азамат, ал зейнетақы қорларынан 8 млн қазақстандық тартылады деп межеленген. Егер бастама нәтиже беретін болса, тек алғашқы кезеңде ғана 500 млн АҚШ доллары шамасында сұраныс болуы мүмкін.

Раушан Бірмағамбетова, ҚР Ұлттық банкінің аймақтық қаржылық орталықты дамыту Комитеті бастығының орынбасары:
– Акционер атанамын деушілер тәуекелге барады. Өйткені сатып алған акция күрт төмендеп, сәл шыдаса бірнеше есе қымбаттауы мүмкін. Халықтың көбі нарықтағы ұсыныс пен сұранысқа тәуелді. Сондықтан пайда табу үшін қалтадағы соңғы ақшаны салудың қажеті жоқ. Опық жеп қалу ғажап емес. Бәрін зерттеп салмақтап алу керек.

Сондықтан халықтың қаржылық сауатын ашу үшін ел көлемінде кешенді үгіт-насихат шаралары жүргізілуде. Бұл науқанға өңіріміз де белді бекем буып кірісіп кетті.

Фархад Куанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Бұл өте жақсы мүмкіндік. Солтүстікқазақстандықтар да ірі кәсіпорындардың инвесторы атанып, дамуына өз үлестерін қоса алады. Бұны пайдаланып қалған дұрыс болады.

Алдағы 1,5 айдың ішінде “СҚО азаматтық Альянс қауымдастығы” облыста 70 шақты түсіндіру шарасын өткізбекші. Бұл мақсатта 30-ға тарта лектор әзірленіпті.

Жеңіс Ермұқанов