Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс орталығындағы абаттандыру жұмыстарының барысы



 

Өңір басшысы алдымен облыс орталығының өнеркәсіп аймағында салынып жатқан сыйымдылыы 140 мың тонналық элеватордың құрылысымен танысты. Нан сақтау қоймасын тұрғызу үстіміздегі жылдың 3 сәуірінде қолға алынған. Нысанның мердігері – «Стройинвест-СК»ЖШС. Бүгінде бұл аумақта 50 адам еңбектенуде. Астық қоймасы 2013 жылдың 2-тоқсанында пайдалануға берілмек. Серік Біләлов аумақты қарап шыққаннан кейін, 26-мамырға дейін нысанды электр жүйесіне, ал 28-не дейін сумен қамту жүйесіне қосуға тапсырма берді. Нысандағы құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылғы тамыздың 20-ына дейін аяқталуы тиіс.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-«Жол картасы» бойынша инфрақұрылымға 100 млн теңге бөлеміз. Жалпы құрылысты бақылау облыс және қала әкімдерінің орынбасарларына, тиісті ведомство басшыларына жүктеледі.  

Ал Базарбаев, 2 “б” мекен жайы бойынша облыс әкімі аулаларды абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда да тиісті шаралар атқарылып жатыр. Жеткізілген құм алдағы күндері жолға төселмек. Бұл аумақ ҚР АШМ СҚО аумақтық инспекциясының мамандарына бекітілген. Уәлиханов көшесі 48, 48 “а” мекен жайларына қарасты аулаларда абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жерде облыстық ішкі істер департаменті мен салық комитетінің мамандары еңбектенген.  Серік Біләлов дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасына тапсырылған Шухов көшесі, 2 “б” мекен жайының абаттандыру жұмыстарын да қарап, жергілікті тұрғындардың пікірін тыңдады.

Шолпан Садықова, қала тұрғыны:

– Бесінші жылдан бері тұрамын осы үйде. Ауланың күллі балалары осы араға келіп ойнайды. Сол араның тазалығын, бұрынғы қирап қалған әткеншектерін қалпына келтіріп, мына спорт түрлерінен ойнайтын күллі алаңдарды қалпына келтірген облыстық спорт басқармасы дейді.  

Облыс әкімі перинаталдық орталық пен М. Жұмабаев көшесі, 101 мекен жайындағы ауланың аумақтарында да тиісті жұмыстардың жасалғандығына көз жеткізді. Бір аптаның ішінде «Казводхоз»РМК «Есіл су» филиалының мамандары мұнда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, әткеншектерді сырлап, үйдің қасбетін ағартқан.  Петропавл қаласы бойынша жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Парк көшесі, 117 мекен жайындағы ауланың жағдайымен танысты. Құрылыс басқармасының қызметкерлері бұл жерге жақында асфальт төсеп, волейбол және балалар алаңын орнатыпты. Өңір басшысы атқарылған жұмыстың сапасын жергілікті тұрғындардан сұрастырып, алда белгіленген жоспарлармен бөлісті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Қаладағы 30-ға жуық аула департаменттер мен мемлекеттік ведомстволарға тапсырылды. Бір ай көлемінде олар жұмыс атқарады, содан кейін қорытынды жасалып, ең үздіктерін анықтаймыз.

Облыс орталығын көркейтіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізуде қала басшылығы да белсенділік танытқан.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– Облыс әкімінің тапсырмасына орай  облыс басқармаларына тапсырмалар беріліп еді, әрбір тұратын жерді, үйдің маңайындағы балабақшалар не болмаса басқа балалар ойнайтын жерлердің жағдайын дұрыстауға. Соған қазір бүкіл басқармалар кірісіп, жұмыс жасап жатыр. Бұл бастаманың жалғасы болады деп ойлаймын. Сондықтан қазіргі уақытта тек қана мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, басқа азаматтар, жеке меншік компаниялар бірге қосылып осы жұмысты жалғастырулары керек деп ойлаймын.

Петропавл қаласының аулалары мен көшелерін абаттандыруға қатысты жұмыстар алдағы уақытта жалғасын таппақ.

Әспет Әбдірешова