Өнеркәсіп

Бәйтерек ауылында жаңа зауыт ашылады

Ағаш жоңқалы плиталар өндіретін зауыт Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында бой көтермек. Инвестициялық жобаны “АБД Сервис” ЖШС жүзеге асырады. Кәсіпорында ағаш жоңқалы плиталардың түрлі өлшемдегі барлық түрі шығарылады деп көзделуде. Зауыттың қуаттылығы жылына 320 мың текше метр өнімді құрамақшы. Ал плиталар өндірісіне ағаш қалдықтары мен өндіріске жарамсыз ағаштар пайдаланылмақ.  

Мұрат Қамалбаев, “АБД Сервис” ЖШС директоры:
СҚО-да шикізат бар. Сондықтан зауытты осы өңірде салмақпыз. Инвестиция көлемі 8 млрд. теңгені құрайды. Алдын-ала болжам бойынша, кіріс жылына 4 млрд. теңге шамасында. Жаңа зауыттың бой көтеруімен ауылдағы өндіріс дамиды, әрі жергілікті бюджетке түсетін салық бар.  

Мұнымен қатар зауыт ашылса, жаңа жұмыс орындары құрылады. 140 адам еңбекпен қамтылады деп көзделген. Кәсіпорынның құрылысы биыл шілде айында басталып, келесі жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жаңа зауыт өңірдің орман өнеркәсібі кешенін дамытуға тың серпін береді деп күтілуде.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Жобаның болашағы зор. Оны сәтті іске асыруға күш салуымыз қажет. Инфрақұрылымды дамыту мәселесіне баса назар аудару қажет. Жол, су, электр желілерін тарту жағын ойластыру керек. Шілде айында құрылыс басталады. Қазір барлық тиісті құжаттарды әзірлеу қажет. Бұған қоса бүгіннен бастап мамандарды даярлауға кірісу керек.  

Айтқандай, бұл инвестициялық жоба индустрияландыру картасына енгізілмек. Жалпы соңғы екі жылда облыста 20 жоба жүзеге асырылған.

Айымгүл Әбілева