Құқық қорғау органдары

«Телефон террористері» ұсталды

 

 

 Мамырдың 16-сында күндізгі сағат 12 шамасында Петропавлдың барлық жедел әрекет ету қызметтері дабылмен көтерілді. Белгісіз ер адам темір жол вокзалында бомба орнатылғанын хабарлаған. Алайда әдеттегідей тексеріс шараларын жүргізу барысында вокзал аумағынан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Ғимарат толығымен тексерілген соң дабылмен көтерілген барлық жедел қызметтер жұмыс орындарына таратылды. Көп ұзамай полицейлер қоңырау шалған сезіктіні анықтап, қолға түсірді. Ол Тайынша ауданының 22 жастағы тұрғыны болып шықты.

 Күдікті:

-Достарыммен арақ ішіп, кейін әзілдемек болдық. Мен 112 номерін теріп, вокзалға бомба қойылғанын хабарладым.  

Қанат Әмрин, СҚО ІІД экстремизмге қарсы күрес  бөлімінің бастығы:

-Бұл факті бойынша ҚР ҚК 242-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. «Лаңкестік әрекет туралы жалған хабар тарату». Заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты бұл қылмыс түрі ауыр қылмыстар қатарына жатқызылады. Бұрын бұндай заңсыз әрекет үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған болатын, ал қазір өзгерістерге сәйкес 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал мамырдың 19-ы күні темір жол вокзалында осыған ұқсас тағы бір дабыл көтерілді. Таңғы 9 шамасында күту залындағы таксофоннан ішкі істер бөліміне белгісіз біреу қоңырау шалып, вокзалда бомба қойылғанын хабарлайды. Жалған ақпарат таратқан күдікті көп ұзамай оқиға орнында ұсталды. Петропавлдан Астанаға бара жатқан Ақмола облысының тұрғыны өзінің бұл әрекетін түсіндіре алмаған. Қазіргі кезде жалған ақпарат таратқан екі азамат та уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.

Әспет Әбдірешова