Қоғам

Жасөспірімдерге арналған соттар жұмыс істей бастады



 

Елімізде кәмелеттік жасқа толмағандардың ісін жалпы соттарда емес, арнайы сотта қарау тәжірибесі енгізілуде. Ювеналдық соттар Астана және Алматы қалаларында бірнеше жыл бұрын өз жұмысын бастаған. Ақпан айында аталмыш сот жүйесі біздің өңірімізде де құрылған болатын. Енді оның қызметкерлері жасөспірімдерге қатысты қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарастырмақ.

  Жұлдыз Оспанова,  СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі:
Кәмелеттік жасқа толмағандардың соты неліктен құрылды? Оларды ересек адамдармен бір қатарға қоймау керек. Бұл жерде тек жазалау мақсатында ғана емес, сонымен қатар тәрбиелеу шараларын қолдану басты назарға алынады.

Семинарда бала асырап алу, жасөспірімдерге қатысты істерді қараудың ерекшеліктері сөз болды. Үстіміздегі жылдың 18 қаңтарында «Неке және отбасы» туралы ҚР Кодексіне өзгертулер енгізілген болатын. Оның ішінде балаларды асырап алу тәртібіне байланысты бірқатар жаңашылдықтар да бар.

Нұрия Малдыбаева, Петропавл қалалық №2 сотының төрайымы:
Өзге елдің азаматтарында бұған дейін өздігінен бала асырап алу мүмкіндіктері болса, енді олар мұны балаларды асырып алу жөніндегі агенттіктер арқылы ғана жүзеге асырмақ. Сондай-ақ кодексте баланы асырап алуға құқылары жоқ бірқатар азаматтардың тізімі бекітілген.  

Бұл шаралардың барлығы кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын барынша қорғау мақсатында жасалып жатыр.

 Бақыт Қасеинов, СҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:
 – Ювеналдық соттардың басты мақсаты – жасөспірімдерді қорғап, олардың бейімделуіне септесу. Оның қызметіне қылмыстық кодекстегі нақты баптар бойынша жасөспірімдермен және олардың қатысуымен жасалған немесе олардың құқықтарын шектейтін қылмыстарды қарау жатады.  

Сондай-ақ жиында ювеналдық әділет жүйесіндегі медиацияның мүмкіндіктері және сот істерін қарауға прокурордың қатысуының маңызы кеңінен талқыланды.

Инеш Шоқақова