Қоғам

СПИД құрбандарын еске алу күні

 

 

 Адам баласы түрлі ауруларға білместіктен немесе өз әрекетінің ықтимал салдарын таразыламағандықтан душар болып жатады. Өкініштісі сол – науқас адам өз дертін өзгелерге де жұқтырып, қоғамға қауіп төндіреді. Қауіпті індеттің бірі – СПИД атауымен танылған, жүре пайда болған қорғаныш тапшылығы синдромы. Осынау емі жоқ дерт жыл сайын әлем бойынша талдай адамның өмірін қиюда. Аталмыш ғаламдық індетке шалдыққандар біздің елде де баршылық. Сондықтан оған қарсы ақпараттық-танымдық тұрғыдан жүйелі күрес жүргізуіміз қажет дейді мамандар.

 Любовь Бунина, облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының
эпидемиологиялық бөлім меңгерушісі:

Бұл акцияны өткізудегі мақсатымыз – жүре пайда болған иммунитет тапшылығы синдромынан қайтыс болу проблемаларына жастардың назарын аудару. Өскелең ұрпаққа бұл дертке ретсіз жыныстық өмір салтын ұстанатын және есірткі тұтынатын адамдардың шалдығуы мүмкін екенін ескерту.

“За Жизнь!” қоғамдық қайырымдылық қорының өкілдері осындай ауруларға тап болып, басына қиындық түскен адамдарға қол ұшын беріп келеді. Былтыр белсенді жастардың бастамасымен 250 қала тұрғыны ерікті түрде тексеріске қан тапсырған. Нәтижесінде 2 адамнан қауіпті індеттің қоздырғышы анықталды.

 Евгений Вишняков, «За Жизнь!» қоғамдық қайырымдылық қорының өкілі:

Біз келушілерге демеу беріп отырамыз. Өз білген-түйгендерімізбен бөлісеміз. Себебі қор өкілдерінің бірқатары бұл дертті бастан кешірген азаматтар.

Алғаш рет СПИД-тен қайтыс болған науқастарды еске алу шарасы 1983 жылы Сан-Францискода өткізілген. Бүгінде бастамаға әлемнің көптеген елдері қолдау көрсетуде. №2 кәсіптік лицей студенті Александр Малютин бүгінгі кездесуден өзіне пайдалы ақпарат алғанын айтады.

 Александр Малютин, №2 кәсіптік лицей студенті: . Әрбір адам – өз өміріне қожа. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Сондықтан бізге берілген қысқа ғана сәтті дұрыс өткізуіміз керек. Қазіргі таңда жастардың нашақорлыққа салынуының негізгі себебі – менің ойымша, бос уақытын зая кетіру.

Облыс орталығында жыл басынан ғана 26 азаматта адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы тіркелді, ал былтыр бұл сан 76-ға жеткен. Іс-шараның соңында акцияға қатысушылар ниеттестік ретінде шырақтар жақты.

Әсел Күшенғалиева