Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір басшысының аудандарға жұмыс сапары



 

Алдымен өңір жетекшісі Мамлют ауданына қарасты Беловский, Пригородный, Краснознаменский, Воскресеновский ауылдық округтерінің дикқандарымен жүздесті. Агроқұрылымдар көктемгі егіс науқанына қызу кірісіп кеткен.

Михаил Юрков, “Родина” ШҚ жетекшісі:
Техника, жанар-май тұқым, адамдар жеткілікті. 2 мың Га жерім бар. Күніне 120 Га жүріп өтсек науқанды уақытымен аяқтаймыз.

Серік Біләлов қожалық басшыларына биылғы маусым қауырт болатынын ескертті. Жалпы ауданның агроқұрылымдары 155 мың Га-ға дәнді дақыл егуді жоспарлапты. Бұл жұмыстарды атқару үшін алқаптарға 900 трактор, 15 жоғары өнімді кешен шықты. Облыс әкімі ауданның техникалық паркінің жаңартылмауын сынға алды. Биыл мұнда 1 себу кешені, 6 жатка, 4 трактор ғана сатып алыныпты.  Өңір басшысы Леденевский ауылдық округіндегі жер телімінің негізгі бөлігіне егін егетін “Крафт СК” ЖШС жұмысымен танысты.

  Андрей Даникер, “Крафт СК” ЖШС директоры:
2800 Га алқаптың 1800 Га бидай егеміз. Өзгесіне майлы дақылдарды сіңіреміз. Бұл жұмысты мамырдың 15-н бастап кеттік.  

Кейін өңір жетекшісі тәулігіне 300 тонна тұқым дәрілеуге қауқарлы “Новомихайловское 2003” ЖШС тоғында болды.

  Генадий Щеглов,  “Новомихайловское 2003” ЖШС директоры:
Биыл дәріленген 500 тонна тұқым саттық. Дән тез шығу үшін дәрумендермен өңдейміз. Біздің 1,2-ші сұрыпты өнім жоғары сұранысқа ие. Сонымен қатар 5 млн теңгеге 18 тонна көпжылдық өңделген шөп өткіздік.  

“Мамбетов и К” КС 25 мың Га егістік алқабының 18 мыңы бидай сіңіруге дайындалыпты. Серік Біләлов бұл агроқұрылымның да тұқымын өздері дәрілейтін мүмкіндіктері бар екеніне көз жеткізді. Cеріктестік жер өңдеумен қатар биылдан жергілікті ірі қараны асылдандыруды қолға алыпты.

  Еркебұлан Мамбетов,  “Мамбетов и К” КС бас директоры:
“ҚазАгроФинанс” АҚ арқылы лизингке АҚШ-тан 200 бас асыл ттұқымды тайынша алдым. Аналық жоғары өнімді ангустердің барлығы дерлік қыстан аман шығып төл берді. Ветеринарлық сұрақтар бар. Оны шешу үшін шетелден мал дәрігерін шақыртамыз.  

Облыс әкімі Дубровинский селолық округінің егіс алқаптарын да аралады. Аудандағы 35 орынға шақталған “Ақ бөбек” шағын орталығының жұмысымен танысты. Мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілері дәруменге толы ас ішу үшін білім ошағының ауласына жеміс отырғызыпты.
Кейіннен Жамбыл ауданына аялдаған Серік Біләлов мұндағы “Гүлдер” балабақшасының жылыжайын байқап көрді.  “Агротехника-Жамбыл” серіктестігінің алқабында өңір жетекшісі аудандағы барлық дерлік ауылдық окруктердің диқандарымен тілдесті. Жамбылдық 41 серіктестік пен 240 шаруа қожалығы егіс науқанында 253 мың Га алқапты игермекші. Биыл бұл мақсатқа жаңадан 10 кешен мен 11 дән сепкіш сатып алыпты. Әңгіме негізінен субсидия жөнінде өрбіді.

 Александр Приходченко, “Агротехника-Жамбыл” ЖШС директоры:
Жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай алдық. Қолдау жасалады, тұқым бар, ылғал жеткілікті биыл гектар берекелігі кемінде 16 центнерден айналуы тиіс.

Осы арада асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға үкімет тарапынан жасалатын жеңілдіктер жайы да сөз болды.

 Виталий Шатило,  “Шатило и К” ЖШС директоры:
Күзде мемлекеттің қолдауымен 500 бас “ангус” пен “герафорд” тұқымдас зеңгі баба төлін алмақшымын. Бұл мақсатта “ҚазАгроФинанс” АҚ арқылы екінші деңгейлі банктен 350 млн теңгенің жеңілдетілген несиесін рәсімдеп жатырмын. Қазір мал кешенін салуға кірісіп кеттік.   

Жамбыл ауданында «Сыбаға» бағдарламасының жүзеге асу барысы да жаман емес. Биыл бұл мүмкіндікті “Әжімбай-Агро”, “Егінжай-зерно” серіктестіктері мен “Семенов” ШҚ пайдаланып қалыпты.

Серік Қапезов,  “Әжімбай-Агро”ЖШС директоры:
Бағдарлама бойынша үкіметтен несие алдық 4 пайыздық үстемемен. «Сыбаға»  бойынша 275 мал алдым, биыл 60 бас бұзаулады. Алдағы уақытта мал басын көбейту біздің экономикалық жағдайға жақсылық әкеледі, ауылға жұмыс болады.

Виктор Сычев,  “Егінжай-зерно” ЖШС директоры:
80 бас ірі қарама “Сыбаға” бағдарламасының көмегімен 10 млн теңгеге тағы 58 сиыр алдым. Бәрі төлдеді.

Владимир Семенов, “Семенов” ШҚ басшысы:
5 млн теңгеге 20 бас тайынша алдым. Енді 100 бас қара малым бар. Алдағы уақытта 300-ге жеткізуді межелеп отырмын. Бағдарлама өте тиімді.  

Серік Біләловтың жұмыс сапары Тимирязев ауданында жалғасты. Мұнда өңір жетекшісі ең алдымен “Атамекен-Агро” ЖШС ат басын тіреді. Шаруашылық басшысы алдағы күз айларында АҚШ-тан 250 бас етті бағытты асыл тұқымды ірі қара алмақшы. Қазір малдың қыстайтын қоралары мен жем-азық базасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар серіктестік биыл 31 мың Га алқапқа дәнді дақыл себеміз деп жоспарлап отыр. Оған қажетті тұқым дәрілейтін шетелдік қондырғыны да алып қойыпты.

  Қайыртар Сапулатов,  “Атамекен-Агро” ЖШС директоры:
 -Қондырғы 1 сағатта бидай мен майлы дақылдардың 9 тоннасын дәрілеп шығарады. Өңделген өнімді кешен бірден қапшықтарға тиейді. Оның көмегіне көптеген шаруашылықтар да жүгінуде.   

Өңір басшысы Құртай ауылдық округінің егінжайымен де танысты.

 Любовь Манахова, Құртай ауылдық округінің әкімі:
Окруктегі 10 шаруа қожалығы мен 2 серіктестік игілігіне 16 мың га жер берілді. Бүгінде барлығы бір адамдай көктемгі егіс жұмыстарын атқарып жатыр. Маңызды науқан жоспарға сәйкес өтуде.  

Ұлан Сүгіров  – жерді сүйген адам еңбектің арқасында мол өнім алатынын  жылда дәлелдеп жүрген тәжірибелі диқан. “Саяғаш” ШҚ басшысы  ескі техниканы өз қолымен жетілдіріп, дәнді жоғары өнімді кешендерден кем түспей сеуіп жатыр.

 Ұлан Сүгіров, “Саяғаш” ШҚ басшысы :
Мына дән сепкіш күніне 100 гектар жерге тұқым сіңіре алады. Мен бар болғаны пневматикалық сепкіш орнаттым, жерді жабатын доңғалақтарды кеңейттім. Құрылысы өте қарапайым көп шығынды талап етпейді. Есесіне өнімділік екі есеге артады.

Облыс әкімі диқанның өнертабысына жоғары бағасын берді.

Жеңіс Ермұқанов