Денсаулық сақтау

Эпилепсия және оны емдеу



 

Эпилепсия – қайталамалы ұстамалармен сипатталатын созылмалы ми дерті, яғни ми қызметі бұзылуларының ішіндегі ең жиі кездесетін сырқат. Баланың бас сүйегі мен миы өте нәзік келеді. Сәби кезінде баланы қатты шайқағанның өзі оның ақыл-есінің дамуына және жалпы дене бітімінің жетілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл дертке орта есеппен алғанда әр мың адамның бесеуі шалдығады екен. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш әрбір мың адамға 6-10 жағдайдан келеді.

Ольга Мигуськина, Новосібір қаласының денсаулық сақтау басқармасының бас эпилептологы:

– Петропавл қаласына бұл дертті емдеудің жаңа жолдарын үйрету, тәжірибе алмасу мақсатында келдік. Новосібір қаласында ересектерге арналған қалалық эпилепсия орталығы 11 жыл, ал балаларға арналған орталық 16-шы жыл қатарынан жұмыс атқарып келеді. Сондықтан жиған тәжірибеміз мол. 

Медицина ғылымдарының кандидаты елімізге алғаш рет келіп отыр. Бұған дейін ол өз тәжірибесімен қостанайлық әріптестерімен бөліскен. Бүгінгі шеберлік сыныбында шетелдік маман сырқаттың пайда болу себептері мен оның кезеңдеріне тоқталып өтті. Эпилепсиялық ұстамалар белгілі бір бұлшық еттер мен сіңірдің тартылуы, психикалық бұзылулар, жабырқаудан да туындауы мүмкін. Өңірлік дәрігерлер бұл кездесуде өздеріне пайдалы мағлұмат ала алды.

 Кама Сәдуақасова, Қызылжар аудандық ауруханасының терапеві:

-Осындай семинарлар жиі болса деп ойлаймыз. Бұндай шеберлік сыныбының пайдасы мол. Себебі, сырқаттарды көрген кезде біз бірден дұрыс диагноз қойып, оған дұрыс ем жасаймыз деп ойлаймын.

Мамандардың айтуынша, дертті әу бастан емдемесе, ол дами береді. Сондай-ақ, талма ауруының кейбір түрлері тұқым қуалайды. Сондықтан оған бей-жай қарауға болмайды.

Әсел Күшенғалиева