Билік

Заң бұзған шенеуніктер жауапқа тартылды



 

Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысында жер қатынастары саласындағы заңбұзушылықтар қаралды. 2010-2011 жылдары мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттіктің СҚО бойынша басқармасының мамандары жоспарлы 21 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 66 заңбұзушылық анықталыпты.

Дулат Тайшабай, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігінің СҚО бойынша басқармасының бөлім бастығы:
-Тексерістер жер қатынастары жөніндегі облыстық басқарма, қалалық және аудандық бөлімдерде жүргізілді. 2010 жылы мемлекеттік қызмет жөніндегі заңды бұзудың -41, 2011 жылы – 24 фактісі анықталды. Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі заңды бұзудың екі фактісі тіркелді. Кемшіліктер қалалық және Шалақын аудандық жер қатынастары бөлімдерінде орын алған. Тексеріс қорытындысы бойынша Шалақын аудандық бөлімінің бастығына қатаң сөгіс жарияланды.  

Жалпы тексеріс нәтижесінде тәртіптік жауапкершілікке төрт мемлекеттік қызметші тартылған. Отырыста кеңес мүшелері жер қатынастары саласындағы заңбұзушылықтармен күресіп, оның алдын алу бағытында қолға алынуы тиіс жұмыстарды талқылады. Жиында сондай-ақ үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыс қорытындысы да сөз болды.

Айымгүл Әбілева