Денсаулық сақтау

«Өз қан қысымыңды біл»



Таңғы сағат 8-ден еріктілерден құралған топ қан қысымының көтерілуі және оның салдары жайлы хабардар ететін парақшаларды таратып жүр. Халықтың назарын аудару үшін олар арнайы киімдер киіп алыпты. Сондай-ақ, кез-келген адам бұл күні өз қан қысымын өлшете алды. 2-ші қалалық емханада тіпті шараға қатысамын дегендердің кіші-гірім кезегі пайда болды.

Ольга Фурсова, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары:
Мұндай іс-шара қаланың 4 емханасында ұйымдастырылды. Сапаржай мен теміржол вокзалдарында да тұрғындар көп шоғырланады. Сондықтан сол жерлерде де осындай акция өткізілуде. Біз осылайша артериялық қан қысымының көтерілуіне жұртшылықтың назарын аудармақпыз.

Мәриям Махметова қан қысымының мөлшерін әрдайым назарда ұстауға тырысады. Сондықтан ол дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатарында. Бүгін оның қан қысымы 140/ 80 -ді көрсетіп отыр.

 Мәриям Махметова:
– Қан қысымым аздап жоғарылап кетіпті. Енді дәрілерді жиі ішіп, денсаулығыма аса мән бермекпін. Ауа райына байланысты өзгереді.  

Артериалдық қан қысымының көтеріліп кетуінің бұдан басқа да себептері баршылық. Бастапқыда дертті анықтау қиын. Сондықтан тұрғындар оған аса мән бермейді.

Ғалия Жаманкина, 2-ші қалалық емхана профилактика бөлімінің меңгерушісі:
Бұл дерт өмірге үлкен қауіп тудырады. Қан қысымының көтерілуі салдарынан инфаркт, инсульт, жүрек-қан жүйесінің бұзылуы және кейбір адамдардың көрмей қалуы да мүмкін. Бүйрек қызметіне де зақым келеді.

Ал бұл дерттің алдын алу үшін күнделікті тұтынатын ас тұзының мөлшерін азайтып, майлы тағамдардан бас тарту қажет. Сондай-ақ ақ халаттылар күніне жарты сағаттай жаяу жүріп, кемінде 400 г жеміс-жидек пайдалануға кеңес береді.

Инеш Шоқақова