Мәдениет

Ғалым Малдыбаевтың туғанына – 110 жыл



 

Бүгінгі шараға ақын Ғалым Малдыбаевтың өлеңдері мен дастандарын сүйіп оқитын қалың оқырман жиналып отыр. Солардың бірі – медицина колледжінің студенті Алтынай Жұмағалиева. Алтынай Ғалым Малдыбаевтың Сәбит Мұқановқа арнап жазған өлең жолдарын оқып берді. Ғалым аға белгілі қазақ жазушысын ұстазы ретінде құрмет тұтып, одан өнеге алған.

Алтынай Жұмағалиева, студент:
Өзім ақынның шығармаларын сүйіп оқимын. Аты аңызға айналған ақынға бұдан да көп сый көрсетсек аздық етпес деймін. Махаббат, Отан жайындағы өлеңдері ұнайды.  

 

Ғалым Малдыбаев 1902 жылы қазіргі Шал ақын ауданы Жаңажол ауылында дүниеге келген. Алғашқы сауатын немере ағасы Сейтеннен ашыпты. Ал 21 жасынан өзі шығармашылық жолға түсіп, өлең жаза бастайды. Ақынның   алғашқы өлеңі “Нұрғисаның сәлемі” деп аталады. СҚМУ   тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласпаева Ғалым Малдыбаевтың шығармашылығымен етене таныс. Әдебиет маманы белгілі жерлесіміз жайлы диссертациялық жұмыс қорғаған екен.

Жанар Таласпаева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ  тіл мен әдебиет институтының директоры:
-Ақын, жазушының барлық халықты дүр сілкіндірген «Қырым қызы» поэмасы 1933 жылы жарық көрді.
Осы поэмасынан басқа “Көрғұлы”, “Қошан қарттың әңгімесі”, “Батыр туралы әңгімесі”, “Ақ келін” т.б көптеген поэмалары жарық көрген. Диссертациям  «Ғалым Малдыбаевтың көркемдік құралдары» деп аталады. Өзіміздің өңірден шыққан ақындарды оқып, зерделеу парызымыз.

Ақын негізінен табиғат, махаббат, отан тақырыптарына қалам тербеген. Бүгінде Ғалым Малдыбаевтың оқырманға жеткен өлеңдері мен дастандары 9 кітап болып басылып шықты. Ақын-журналистің ұл-қыздарына арнаған жыр шумақтары да бар. Бүгінгі кешке Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат ұстазы, ақынның қызы Әлия Малдыбаева да қатысты.

 Әлия Малдыбаева, ақынның қызы:
– Біз артында қалған ұрпақтары өте қуаныштымыз. 30-40 жылдары қазақ әдебиеті тәйтай басқан кезде қазақтың зиялы қауымы арасында біздің әкем де болған.
Поэзия жанрында көп еңбек еткен адам. Павлодарда, Баянда, Оралда ең бірінші газет редакциясын ашып, еңбек еткен. Аяулы қаламының арқасында әкем ерінбей еңбек етті. Еңбегін міне елі ескеріп жатыр.

Ақын-журналист сексеннің сеңгіріне келіп дүниеден озды. Ақынның аты, ғалымның хаты өлмейді демекші, Ғалым Малдыбаевтың артында қалған мол мұрасын көзі ашық, көкірегі ояу талай қазақ баласы оқып жүр.

 Гүлбану Ахметова