Мәдениет

Экскурсия жүргізушілер байқауы


 

Облыста алғаш рет өткізіліп отырған бұл байқауға барлығы 12 мұражай маманы қатысып отыр. Экскурсия жүргізуші ролінің маңыздылығын арттыруда және мұражай ісінің мәртебесін көтеруде шараның маңызы зор дейді оны ұйымдастырушылар.

 Жансая Сембекова, «Абылай хан резиденциясы» мұражай-кешенінің қор сақтаушысы:
– Байқау үш кезеңнен тұрады.
Бірінші сайыста – таныстыру, яғни қатысушылар өздерінің мұражайларын таныстырады. Екінші сайыста оларға билет беріледі. Белгілі бір тақырып бойынша олар 5 минут аралығында дайындалып, лезде әңгіме экскурсия құрастырулары қажет. Үшінші сайыс кім шапшаң деп аталады. Билет таңдау арқылы кімге қандай зат түседі, соған қарап әңгіме құрастыру қажет.

Айыртау ауданынан келген Нұргүл Құлыбаеваның мұражай саласында еңбектеніп жүргеніне 18 жыл болыпты. Қазақтың тұңғыш ғалымы, зерттеуші Ш.Уәлихановтың 150 жылдығына орай ашылған тарихи-этнографиялық мұражайды таныстыра келген сайыскер байқауға барынша дайындалғанын айтады.

 Нұргүл Құлыбаева, Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражайдың экскурсия жүргізушісі, Айыртау ауданы:
– Бүгінгі күні мен Сырымбет өңірінен Абылай хан резиденциясына бірінші саяхатшылар сайысына келіп отырмын.
Осы сайыстан енді үміттімін. Алда болуға әрқашанда. Мұражайымызда Ш.Уәлихановтың өмірін насихаттаймыз келер ұрпаққа.

Байқау талабы бойынша әрбір сайыскер бейнеролик арқылы өздері қызмет ететін мұражайларын таныстыруы керек. Аталмыш шара ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, сақтауға септеседі дейді сайыскерлердің бірі – Маржан Таушарова.

 Маржан Таушарова, Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсия жүргізушісі:
-Сайысқа мен Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану мұражайынан келіп отырмын. Жалпы біздің мұражайымыз 1986 жылы Ұлы Отан соғысының ардагері,  өлкетанушы Василий Кузнецовтың басшылығымен ашылған болатын.
2007 жылы мұражай жаңа, үлкен, жарық ғимаратқа көшірілді. Сол кезден бастап бізде сегіз зал бар.

Бұдан былай байқауды үш жылда бір өткізу жоспарланып отыр.

Әспет Әбдірешова