Спорт

Таэквандошылар жеңісі

 

 

Илья Хван таэкван-додан еліміздің сан мәрте чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері, Азия додаларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Бұл жетістіктерге  спорт майталманы 15 жылдық тынымсыз жатығуының арқасында келгенін айтады. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберіне сары құрлықтың алпауыт шығыс жекпежекшілері бұл жолы да тойтарыс бере алмады. Қара белбеу 2-ші дан иегеріне 78 келі салмақ дәрежесіне дейінгі жекпе-жектерде тең қарсылас табылмапты. Ал “Тыль” үйлесімді қимылдар сынында жерлесіміз үздік үштікті қорытындылады.

 Илья Хван, таэкван-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Жекпе-жектерде спортшы қарсыласымен емес, алдымен өзімен күреседі.
Қобалжу мен үрейін басып,   үлкен нәтижелерге жетуге болады. Тәрбиеленушілерімнің құлағына да осыны құюға тырысамын. Бұл жолғы жеңістер ұмытылмайды. Қарсыластың қайсысын алсаң да өте тәжірибелі, өз елдерінің үздіктері.   

2 жылда бір өтетін Азия біріншілігінде енді бір жерлесіміз Александр Поляков та жұлдыздай жарқырады. Әлем чемпионы атағына лайықты жұдырық түйістіріп, арнайы техника сынында азиялық қарсыластарының көшін бастады.

 Александр Поляков, таэкван-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Алаң иелері тәжіктер мен таэкван-доның Отаны Корей елі мықтыларының алдын ору қиынға соқты. Десе де қара белбеу 2-ші дан иегерлері арасында бәрінен басым түсіп, Азиялық доданың 4-ші алтынын асынып қайттым.  

Өңіріміздің қос арланы сондай-ақ  қомандалық сындарда да алдарына жан салмады. Жұптық кездесулерде бәрінен алқалардың толық жиынтығын еншілепті. Ерлеген жерлестеріміз ұлттық құраманың қоржынына 9 медаль салса, олардың 4-еуі алтын, 2-еуі күміс, қалғаны қола. Нәтижесінде ел спортшылары жалпыкомандалық есепте 20 елдің ішінде үздік үштікті қорытындылады.

Жеңіс Ермұқанов