Қоғам

Орманшылар қаланы көгалдандыруда


 

Шырша көшеттері Кондратов питомнигінде өсірілген. Бүгіннен олар Жамбыл көшесіндегі саябақтың көркіне айналмақ. Бұл көшеттер себетпен бірге егіледі екен. Кейін ол шіріп, тыңайтқыш ретінде топырақтың құнарлылығын арттырмақ. Жыл сайын көгалдандыру жұмыстарымен айналысатын мамандар ағаштың жақсы өсуі үшін қандай жағдай жасау керек екендігін жақсы біледі.

Анатолий Усольцев, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қызметкерлері мына саябақты көгалдандыруды қолға алды. Енді ағаш еккеннен кейін бұл маңды бақылауға алып, шыршаның өсуін қадағалаймыз. Суарып, тыңайтқыштар сеуіп отырамыз.

6-7 жастағы бұл шырша көшеттері жылына 5-10 см-ге өседі екен. Тек оларға жақсы күтім жасап, суару қажет дейді мамандар.  

Ержан Тәшімов, Куйбышев орман шаруашылығының орманшысы:
Қаланы көгалдандырып жатырмыз. Алдағы уақытта жас ағаштарды қарап, суарып күтеміз. Жақсы өседі деп үміттенеміз.

Жамбыл көшесінде орналасқан саябақты көгалдандыруға 40 жерлесіміз атсалысуда. Бұл жерге 30 түп ағаш егу көзделген. Игі шараға қала әкімі Болат Жұмабеков те белсене қатысты.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
Көктемнің басы тым жылы болып, ағаштың көбі жапырақтарын ерте жібере бастағасын бұл жұмысты күзге қарай қалдырайын деп отырмыз. Ол үшін қаражат бар. Және әдейі дайындалған спец техниканы алайын деп жатырмыз сол жұмысты жасау үшін.  

«Жамбыл, 150» мекенжайында тұратын Антонида Романова ағаш егіп жатқан азаматтарға ризашылығын білдіруде. Бұл саябақты көріктендіріп қана қоймай, ауаны да тазартуға да септеседі дейді қария

 Антонида Романова:
Бұл жерге ағаш отырғызып жатқандарына ризамыз. Ендігі кезекте, таза ауа жұтып, серуендеу үшін осы жерге келеміз.

Көшеттерді егіп болғаннан кейін жиылғандар ағаштарды суаруға кірісті.

Айдана Демесінова