Білім

“ЛОРД” шәкірттерінің зияткерлік жетістіктері

10 сынып оқушысы Вадим Усик – бірнеше республикалық, халықаралық білім додаларының жеңімпазы. Ал жуырда ғана ол Алматы қаласында өткен республикалық ғарыштық физика және астрономия олимпиадасында бірінші орынды иеленді. Марапат ретінде олимпиада жеңімпазына тамыз айында Бразилияда өтетін студенттер арасындағы олимпиадаға шақыру билеті берілген.

Вадим Усик, дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы:

 

– Барлығы 2 айналым бойынша сынға түстік. Теориялық бағытта есеп шығардық, ал екінші турда берілген тапсырма бойынша жұлдыздарды бақылап, санадық. Соңғы айналымға уақыт аз бөлінді, сондықтан бұл кезеңде аса жылдамдық пен байқампаздық таныту керек болды.

Аталмыш бағыт бойынша Кирилл Бородин мен Рената Садыртдинова өңір қоржынына күміс және қола медаль салды. Сонымен қатар жаратылыстану пәндері бойынша юниорлардың ашық олимпиадасына қатысқан оқушылар да құр қол келмеген. Диана Әлиева бұл жарыста күміс алқаға ие болды.

Диана Әлиева, дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы:

– Олимпиада 3 бағытта – химия, биология және физика пәндері бойынша өтті. Мен биология пәнінен сынаққа түстім. Берілген тапсырмалардің күрделілігі орташа.  

Ал 7 сынып оқушысы Максим Сухов зияткерлік сайыста химия пәнінен 9 сыныптың тапсырмаларын орындап, үздік үштікті тұйықтады. Білім додасында жүлдегер атанамын деп ойлаған жоқ едім дейді білімпаз.

Максим Сухов, дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы:

– 9 сынып оқушыларының арасында бірінші орын иеленгендер болмағандықтан, маған республикалық олимпиадаға қатысу мүмкіндігі берілді. Көрсеткен нәтижеге ризамын.

Әсел Күшенғалиева